Қарасора-2022: Қостанай облысында 137 есірткі қылмысы анықталды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында «Қарасора-2022» жедел алдын алу шарасы басталғалы бері 137 есірткі қылмысы анықталды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Асылбек Әлмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарасора-2022» операциясы басталғаннан бері Қостанай облысының полицейлері 137 қылмыстық есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Атап айтсақ, 43 өткізу, 20 контрабанда және аса ірі мөлшерде есірткіні сақтаудың 7 фактісі, сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы бойынша (Құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру) 3 факті анықталды. Мысалы, Жітіқара қаласының полицейлері «Қарасора-2022» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында есірткі заттарын сатумен айналысқан 32 жастағы тұрғынды ұстады. Тінту барысында күдіктінің пәтерінен ішінде жасыл түсті ұнтақ заты бар түйіншектер табылып, тәркіленді. Сараптама нәтижелеріне сәйкес, алынған заттар жалпы салмағы 63,93 граммды құрады. Бұл ірі көлемдегі «марихуана» психотроптық заты болып есептеледі», - деді Асылбек Әлмағамбетов.

Оның айтуынша, бүгінде жітіқаралық есірткі сатушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кетейік, Қостанай облысының аумағында «Қарасора-2022» жедел алдын алу шарасы 1 маусымнан 31 қазанға дейін жүргізілді.