Қарасу көлінің табанын тазарту жұмысы қашан аяқталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы Қарасу көлінің табанын тазарту жұмыстары қыркүйек айында аяқталады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: gov.kz

«Қарасу» көлін механикалық тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. 40 метр су ағызу құрылымның құрылысы қолға алынды. Бүгінде 5 мың текше метр тұнба шөгінділері шығарылды. Жұмыстар қыркүйек айының соңында бітеді», - деді Алматы әкімі.
Сондай-ақ, Ерболат Досаев Алатау ауданында қатты жауын-шашын кезінде су басатын 18 учаске анықталғанын атап өтті.
«Қазір төтенше жағдай желісі бойынша оның 10-ы жойылды. Қаланың батыс бөлігінде жалпы ұзындығы 49 км болатын 59 көше бойынша арық желісі мен нөсер канализациясын салу және реконструкциялау жобасын іске асыру аясында қалған 8 су басу аумағы жыл соңына дейін жойылады», - деді ол.