ҚАРАТАЕВ БАҚЫТЖАН БЕЙСӘЛІҰЛЫ

Фото: None
Қаратаев Бақытжан Бейсәліұлы (1863-1934) - алғашқы қазақ заңгері, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, демократ.

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Ақбақай ауылында дүниеге келген. Сұлтан тұқымы әулетінен тарайды. Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың шөбересі. Орынбор гимназиясын, Санкт-Петербор университетінің заң факультетін үздік бітірген.

1891-1897 жылдары Санкт-Петерборда, Кутаисиде, Орынборда сот тергеуші, сот орындаушысы қызметтерін атқарған. 1897-1905 жылдары Қаратөбеде, Жымпитыда, Орынбор, Орал облысында адвокат болып қызмет атқарды. 1905-1914 жылдар аралығында Кадет партиясының мүшесі болған. 1907 жылы екінші Мемлекеттік Думаға Орал облысынан депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап сөз сөйлеген. 1907 - 1916 жылдары ағартушылық жұмыстарымен айналысып, «Қазақстан» газетін, «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін большевиктер партиясының қатарына өтеді. Сол жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысқан. 1918 жылы наурыз айында Орал облыстық депутаттар кеңесінің мүшелігіне сайланып, әділет комиссары болды.

1919 жылы В.Чапаев басқарған 25-атқыштар дивизиясында атты әскер бригадасы саяси бөлімінің меңгерушісі және командирі болды. Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің мүшелігіне енді. Орал облыстық революциалық комитетінің құрамында болып, ұлттар коллегиясының төрағасы, Қазақ АКСР-інің заң істері комиссары қызметтерін атқарған. Қазақстан Кеңестерінің 1-2 Бүкілқазақстандық съездеріне делегат болып қатысқан. Орал губерниялық адвокаттар алқасын басқарған.

1921-1924 жылдары Ақтөбе қаласында адвокаттардың губерниялық коллегиясының төрағасы болып, кейіннен Қазақ АКСР Мемлекеттік мұрағатының қызметкері қызметін атқарған.

Халықтың құқын қорғауда көп еңбек сіңірген заңгер Бақытжан Қаратаев большевиктердің қазақ халқына қарсы ұйымдастырған нәубетіне, аштан қырылуына қарсы батыл үн көтеріп, Ақтөбеде халық алдында Бүкілодақтық комитетінің (большевиктер) партиясы Қазақ өлкелік комитетінің 1-хатшысы Ф.Голощекинге қарсы шығып, халықты қырған аштыққа ұрындырған қылмысын бетіне басқан.

1927 жылы діни көзқарастары үшін большевиктер партиясының қатарынан шығарылған. Өмірінің соңына дейін ғылыми - зертханалық жұмыстармен шұғылданған. Ақтөбеде 1934 жылы 28 тамызда дүниеден өткен.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 5 том.