Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 2024 жылдан бері сібір еліктері (Capreolus pygargus) қорық аумағында жылдың төрт мезгілінде де кездесіп келеді. Бұл жануарлардың Қаратау табиғатына бейімделіп, аталған аумақты тұрақты мекен ету ортасына айналдырып жатқанын көрсетеді.
– Ең қуаныштысы – соңғы екі жылда аналық еліктердің төлдеуі тіркелген. Бұл түрдің жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, табиғи жолмен көбейіп жатқанын көрсететін маңызды белгі, – деп хабарлады министрлік.
Қазір қорық мамандары сібір еліктерінің таралу аймағын, тіршілік ету ерекшеліктерін және популяциясының қалыптасу барысын ғылыми мониторинг арқылы бақылап отыр.
Мамандардың айтуынша, жабайы жануарлардың жаңа мекенге бейімделіп, табиғи жолмен көбеюі экожүйе үшін маңызды құбылыс.
Айта кетейік, бұған дейін Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарланған еді. Түркістан облысында орналасқан қорықтың аумағы 34 300 гектарды құрайды. Мұнда Қаратау арқары, үнді жайрасы, тас сусары және басқа да жабайы жануарлар мекендейді.