Қаратау қойнауында жатқан Қатынқамал үңгірі

Фото: Фото: Әділжан Үмбет\Kazinform

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Еліміздің оңтүстік өңіріндегі Қаратаудың Қызылорда облысына енген тұсындағы Қатынқамал үңгірінің құпиясы әлі күнге дейін ашылмай келеді. Көне дәуірдің көзін көрген Қаратаудың әрбір тасының тілін түсінсек, бүгінгі ұрпаққа беймәлім көптеген жайдың кілтін табар едік-ау. Жергілікті жұрт аталмыш үңгір жайында бірқатар деректерді көлденең тартады. Ол жайында ғалымдар, өлкентанушы мамандар не дейді?

Атауы қайдан шыққан?

Қатынқамал Жаңақорған ауданындағы Бірлік ауылынан 20 шақырымға жуық қашықтықта жатыр. Қаратаудың етегінде ағып жатқан Ақүйік өзенінен 500 метрдей биіктікте орын тепкен үңгірдің пайда болуы жөнінде мынадай деректер айтылады. Геологиялық тұрғыдан жобаланғанда таудың күнгей бетінде үлкен терең жарылыстың ізі бар.

Фото: Әділжан Үмбет\Kazinform

Ғалымдардың айтуынша, девон дәуірінде бұл өңірде қатты жер қозғалысы болған. Ол жердің қақ айырылуына алып келген. Таудың биік жағы бірден төмен түсіп кеткен көрінеді. Сол кезде жарықтан жер дұрыс қабыспай қалған. Әрине, бұл деректер тек болжам ғана.

«Бұл орынға жергілікті ғалымдар тарапынан ерекше қызығушылық танытады. Зерттеу мақсатында студенттерді ол орынға арнайы алып барған едік. Сол уақытта көптеген мәліметтерге қол жеткізіп қайттық. Үңгірдің дәл алдынан көтерілуге болады. Бірақ алдында сарқырап Ақүйік өзені ағып жатыр. Бір бүйіріндегі таудан асып түсетін жалғыз аяқ жол бар. Сол арқылы Қатынқамалға баруға бекіндік. Төбеге көтерілгенде төңіректің сұлулығы ғажап енді. Сөредегі кітапты көз алдыңызға елестетіңізші. Міне, таудың да тастары солай қаз-қатар орналасқан.. Тап бір адам қолымен қаланған сияқты. Асықпай-аптықпай, бір-бірлеп қалап шыққандай», - дейді Қызылорда университетінің аға оқытушысы, география ғылымының кандидаты Оразхан Айдаров.

Елдің арасына аңыз болып тараған мынадай әңгіме де бар. Қаратаудың ұшар басындағы осы үңгірге жоңғар шапқыншылығы тұсында қырық қыз-келіншек пен балалар паналаған екен. Олар соғыс аяқталғанша сонда өмір сүрген. Ас-ауқатты ер-азаматтар түнге қарай жеткізіп тұрған. Үңгір сол себепті Қатынқамал аталып кеткенге ұқсайды.

Жартасқа жасырынған жұмбақтар

Ылдидан қараған адамға үңгір көзге шалына қоймайды. Ақүйік өзені таудың осы тұсында ағып жатыр. Аталған өзеннің екі жағынан құз-жартастар жалғаса береді. Олар аяқталар тұста үңгір орналасқан. Жан-жағы биік. Өзі тар қуыста орын тепкен. Маңайда жатқан қоқыс тастар мен топ шеңгелдер үңгірді бүркемелеп тұр. Оның ауызын көрсетпейді. Таудың етегінен көтеріліп, өрмелеп шығу мүмкін емес. Айналма жолдар арқылы таудың басына шығуға болады.

Фото: Әділжан Үмбет\Kazinform

Содан кейін қия-қия соқпақтар арқылы адамдар үңгірге төмен түседі. Жолдың жайын білетін жергілікті тұрғындар болмаса, оған көп адам бара алмайды.
1975 жылы жаңақорғандық журналист, марқұм Құдайберген Ертасов аталған үңгірдің ішін көрген. Бұл жайында аудандық газетке жазған мақаласында үңгірдің ауызы өте тар, адам еңкейіп, зорға кіре алатынын тілге тиек еткен.

Ары қарай жол кеңейе түседі. Үңгірдің ауасы өкпе қысарлықтай емес. Таза екені тыныс алғанда бірден білінеді. Түкпіргі бөлігінде жел соғып тұратын саңылау бар секілді. Үңгірде он-он бес қадамдай әрірек жүргенде жарық сөніп қала беріпті. Үңгірдің табанында ұлпа тәріздес ақ ұлпа шөгіп қалған. Тас үйдің іші дымқыл тартып тұрады. Төбесінен су тамшылайды. Үңгірде адам түрегеп жүре алатындай жағдай бар. Ішінде сәл ғана дауыстың өзі жаңғырып естіледі.

Туристер қызығушылығын туғызар еді

Жаңақорғандық өлкетанушы Әлімжан Ержанов халық арасында үңгірдің өте ұзын екені жиі айтылатынына тоқталды. Оның екінші басы Талап елді мекені тұсындағы Талдысу өзеніне дейін жететін көрінеді. Көне заманда осы екі аралықта адамдар қатынаған болуы әбден мүмкін. Бүгінгі күндері бұл аралықта ешкім жүріп көрмеген. Екі аралықтың ұзындығы 18-20 шақырымға жуықтайды. Үңгірдегі әрбір дыбыстың жаңғырып естілуіне қарағанда ауасы тар еместігін аңғару қиынға соға қоймас.

Туризм саласына ерекше мән беретін өркениетті елдерде мұндай орындар көзден таса қалып қоймас еді. Өкінішке қарай, біздің елімізде әлі күнге дейін осындай жерлерге мән берілмей келе жатқаны жасырын емес. Қатынқамал үңгірі талай шетелдіктің таңдай қағатын мекеніне айналары даусыз. Алайда кенже қалған туризм саласының мұндай арманымызды жуық арада жүзеге асыратын түрі жоқ.

Қазақтың жері көптеген қызыққа толы. Ол жайлы айтылар хикметтер де жетерлік. Десе де, ерекше өлкелеріміздің барлығы бірдей ғылыми тұрғыда таразыға тартыла қойған жоқ. Бұл орындарды халықтың қажетіне жаратуға да ешкім көңіл бөлер емес.