Сала мамандары мұндағы жазбалар әйгілі Таңбалы тастан ешбір кем түспейтінін айтады. Десе де зерделі зерттеу ісі бүгінгі күнге дейін қолға алынбай келді. Тіпті, жергілікті азаматтар тарапынан оларды бүлдіру деректері де кездесті. Ендігі кезекте осы олқылықтың орнын толтыруға мән берілмек.
Сауысқандық шатқалы Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылынан 50 шақырымдай жерде орын тепкен. Петроглиф жазбалардың аумағы 500 гектарды құрайды. Ғалымдар мұнда 8-10 мыңға жуық тастағы жазбалар мен бейнелер кездесетінін айтады. Ғалымдар Сауысқандық петроглифтерінің негізгі мотивтері антроморфтық бейнелер екенін тілге тиек етеді. Онда бұқа, елік бейнелері, жылқы, аң-құстар көрініс тапқан.
«Біздің есебімізше, бұл аумақтан 200-дей петроглиф табылып отыр. Аталмыш рухани құндылық ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген. Алдағы уақытта ескерткішті зерделі зерттеу мақсатында облыстық бюджетке ұсыным берілді. Осының нәтижесінде таңбалы тастарды анықтау, олардағы суреттерді зерттеуге баса назар аударылмақ», - деді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Ғалымжан Садықов.
Осылайша Қаратау петроглифттеріне археологиялық зерттеу ісі қолға алынбақшы.