Каратэден жастар лигасы: қазақстандық спортшылар БАӘ-дегі турнирде 4 алтын алды

Фото: Каратэ федерациясының баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — БАӘ-нің Фуджейра қаласында жастар арасындағы А сериясының 2025 жылдағы алғашқы турнирі аяқталды, деп хабарлайды Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметі.

Бұл сында Қазақстан спортшылары 11 медальмен (4 алтын, 7 қола) жалпы есепте 4-сатыға жайғасты. Ал аталған додада Ресей спортшылары көш бастаса, екінші орынға Иран құрамасы қол жеткізді. Ал үздік үшінші орынға Мысыр командасы ие болды. 

Фото: Каратэ федерациясының баспасөз қызметі

Алғашқы алтынды кумите бағдарламасында Дінмұхаммед Айдарбек (U16-17) 55 кг дейінгі салмақта топ жарып, қоржынға салды. Дінмұхаммед 2023 жылы осы Фуджейрадағы жарыста 3-орын алған.

Фото: Каратэ федерациясының баспасөз қызметі

Осыдан кейін 14-15 жас санатында Нұрасыл Нұрсейіт (-52 кг) пен Сұңқар Қанибек (-70 кг) чемпион атанды. Нұрасыл аса тартысты өткен финалда Максим Виечкановты (Украина), Сұңқар Хорватия өкілін тізе бүктірді. Ал шешуші жарыс күні Аяулым Тілектес (-47 кг) барлық 6 жекпе-жекте қарсыласын жеңіп, мықты екенін көрсетті.

Фото: Каратэ федерациясының баспасөз қызметі
Фото: Каратэ федерациясының баспасөз қызметі

Қола медаль жеңіп алып, үздік үштікке кірген спортшыларымыздың тізімі: 

U21 жас санаты - Ақниет Шеризат (-55 кг)

U16-17 жас санаты - Гүлнұр Қойшыбай (-59 кг);

U14-15 жас санаты - Амир Кеңесбай (-52 кг), Руслан Еркін (-57 кг), Батыр Әділ (-57 кг);

U12-13 жас санаты - Арнұр Мұрат (-45 кг) пен Инсар Ахмадиев (-50 кг);

Айта кетейік, Фуджейрадағы турнирге 87 мемлекеттен 2 400-ге жуық спортшы жиналды. Қазақстаннан биыл барлығы 140 каратэші сынға түсті. Жастар арасындағы серияның келесі кезеңін Гвадалахара қаласы (Испания) қабылдайды.

Еске сала кетсек, осыған дейін Қазақстан және БАӘ каратэ федерациялары меморандумға қол қойғанын жазған болатынбыз.