ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін кумите бағдарламасында финалға шыққан Дидар Анарбеков (84 келі) тартысты айқаста Сауд Арабиясының спортшысы Санад Суфианиге жол беріп, 2-орын алды.
Дидар жартылай финалда чехиялық Ондрей Бошакты жеңген еді. Күндізгі сессияда Дидар 3 жекпе-жек өткізіп, екеуінде қарсыластан басым түскен.
Сондай-ақ 21 қазанда Бэлла Самашева (55 келі) күміс медаль жеңіп алды.
Ал 68 келіге дейінгі салмақтағы Нүрия Тізімбай қола алды.
«Екі күнге созылған каратэшілер жарысында 3 медаль алдық. Оның екеуі күміс, біреуі қола. Барлығы Ұлттық құрама сапында 7 спортшы келді», - деді жастар құрамасының аға бапкері Шаттық Қажымұқан.
Айта кетейік, Қазақстан делегациясы осыған дейін Бейжің мен Санкт-Петербургте өткен жауынгерлік өнер ойындарында WKF каратэден медаль алмаған.
Еске салсақ, бұдан бұрын Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында қазақстандық самбошылар жеті медаль алды.