ОРАЛ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Әуелден өнер қонған Қаратөбе ауданының түлегі, жас әнші Таңат Жексенбаев «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Қазақстан дауысы» жобасында бақ сынауда.
Ол бұдан бұрын да түрлі байқауларға қатысып, көзге түсіп үлгерген болатын. Айталық, 2009 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде эстрадалық жанр бойынша жүлделі ІІІ орынға қол жеткізіп, лауреат атанды. Одан кейін республикалық жас орындаушылардың «Жас қанат» байқауында «Көрермендер көзайымы» аталымын иеленді.
«Қазақстан дауысы» жобасының іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен Таңат қазіргі кезде белгілі әнші Нұрлан Албанның тобында алдағы сынға дайындалуда. Ол жексенбі күні, 22 желтоқсанда «Қазақстан» ұлттық арнасында кешкісін тікелей эфирден көрсетілетін «Қазақстан дауысында» тағы да өнер сайысына түседі.
Мұның алдында, 15 желтоқсан күні батысқазақстандық тағы бір талантты әнші, Мәдина Сәдуақасованың тобындағы Айнара Айтқалиева суырылып шығып, көрермендердің көп дауысын иеленіп, бірден келесі кезеңге жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).