Қаратомар су қоймасына келіп жатқан су көлемі сағат сайын азая бастады

Фото: Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысындағы Қаратомар су қоймасына келіп жатқан су көлемі сағат сайын азая бастады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.

«Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% су жинады, мұнда да су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасы орта есеппен 96% су жинады. Мұнда судың арнасынан көтерілуі байқалады. Өңірде Қаратомар су қоймасы бойынша жағдай күрделі болған. Мұнда секундына 2425 текше метр су келіп, секундына 2640 текше метр су жіберіліп жатыр. Бүгінде су ағыны сағат сайын азайып келеді. Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100% толды. Мұнда да су арнасынан асып кетіп отыр», - деді Мөлдір Әбдуалиева.