Қараусыз қалдырылған талап-арыздардың саны 13 пайызға қысқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық процестік кодекс құқық қорғауда зор әлеуетін көрсетті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Жоғарғы Сот судьясы Ұлболсын Сүлейменова мәлім етті.

«Биылдың қаңтарынан Азаматтық процестік кодекстің күшіне енгеніне он ай уақыт өтті. Осы мерзімде Кодекс нормалары азаматтық сот ісін жүргізуді жетілдіру, электронды сот ісін жүргізуді дамыту,  азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын, сондай-ақ бостандықтары мен заңды мүдделерін уақтылы қалпына келтіру мен қорғау бойынша өзінің зор әлеуетін көрсетті», -деді Ұ. Сүлейменова.

Оның сөзіне қарағанда, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында талап-арызды қозғалыссыз қалдыру институты тоқтатылды. Қайтарылған өтініштердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға кеміді. Сонымен қатар 15,1 пайызға талап-арыздарды қабылдаудан бас тарту деңгейі азайды, ал қараусыз қалдырылған талап-арыздардың саны 13 пайызға қысқарды.

«2016 жылдың 9 айында бірінші сатыдағы сот тәртібінде инвестициялық даулар бойынша Астана қалалық сотына - 44 өтініш пен іс, Жоғарғы Сотқа ірі инвесторлардан 21 өтініш түсті. Аталған соттар барлығы 45 істі қарады»,-деді Сүлейменова.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Әбдірайымның сөзіне қарағанда, дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу институтын қолдану аясын кеңейту мақсатында Жоғарғы Сот Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, Медиация институтын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Мұндай меморандумдарға барлық облыс әкімдіктері де бекітті.

ҚР Жоғарғы Соты баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде әкімдіктер жанынан 827 медиация кабинеті ашылды. Ассамблея медиаторларының қатысуымен 8500 дау қаралды. Бұл даулар соттан тыс өз шешімдерін тапты.