ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінен ҚР Ішкі істер министрлігіне жолданған ұжымдық хат бойынша қызметтік тексеру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіден мәлім болғанындай, ҚР Ішкі істер министрі М.Ахметжанов пен министрліктің Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы А.Садановтың атына жолданған хатта патрульдік полиция батальонында заңның үстемдік құрмай, моральдық ахуалдың күн санап нашарлап бара жатқаны жазылған.
Хатта батальон мен взвод командирлерінің қарауындағылардан ақша жинайтыны, басқа да деректер келтірілген.
Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін қызметтік тексеру басталғанын жеткізді.
«Тексеріс қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады», деп хабарлады министрліктен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір күнде жол апатынан 2 адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).