Қаражалдағы ірі жобаға өзге компанияның 23 млн теңге қарызы кедергі болған

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлытау облысының Қаражал қаласында темір-марганец кенін өндіруге арналған 2,5 млрд теңгелік инвестициялық жобаны іске асыруға кедергі болған мәселе шешілді. Бұған басқа компанияның 23 млн теңге салық берешегіне байланысты жерге салынған ауыртпалық себеп болған.

Фото: Gov.kz

«Сарыарқа IRON» ЖШС Үлкен Қытай кен орнында инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Астананың мамандандырылған ауданаралық соты 2025 жылғы 5 қыркүйектегі шешімімен инвесторға жер учаскесін қайтарып, жер қойнауын пайдалану келісімшартын қалпына келтірген.

Алайда бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының 23 млн теңге салық берешегіне байланысты жер учаскесін толық рәсімдеу мүмкін болмаған. Инвестордың бұл қарызға қатысы жоқ әрі ол басқа заңды тұлғаның міндеттемелері үшін жауап бермейді.

Қаражал қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен заңсыз ауыртпалықты алып тастауға ықпал етті. Осылайша, инвестициялық жобаны іске асыруға кедергі болған мәселе шешіліп, инвестордың құқығы қорғалды.

Еске салайық, бұған дейін қате енгізілген 24 дерек инвесторды миллиондаған теңге субсидиядан қаға жаздағанын жазғанбыз.