«Қаражорғаның құжатын қашан түгендейміз?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 11 қаңтар, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Көлік саласындағы жұмыстар көңілден шықты» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен Көлік және коммуникация министрлігінің өткен жылы атқарған жұмыстары мен биылғы жоспарларына арналған алқа мәжілісінде айтылған мәселелер баяндалады. «Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайынов 2010 жыл жаңа ғасырдың ал­ғашқы онжылдығының түйіні іспетті дей келе, сала үшін бұл өркендеу онжыл­дығы болды деді. Соңғы он жыл ішінде көлік-коммуникация кешенінің негізгі көрсеткіштерінің өсуі байқалады», - делінген мақалада. Мақалада келтірілген деректер бойынша, тасымалданған жүктердің көле­мі 1,7 есе, жолаушылар тасымалы 1,8 есе, темір жол желісінің өткізу қабілеті 1,5 есе өскен. Автокөлік құралдарының саны 2,4 есе өсіп, қазір еліміздің әрбір алтын­шы тұрғыны жеке көлік иелері атанып отыр. Көлік саласының бүгіні мен келешегі жайлы білгіңіз келсе, аталмыш мақалаға зер салыңыз.

«Бәрі де мал тұқымына байланысты». «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде дәл осындай тақырыппен көлемді мақала басылды. Мақала авторы «Асыл түлік»» АҚ басқарма бастығының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жора Алмантайдың пікірінше, оны асылдандырмай алға бас алмаймыз. «Мал тұқымын асылдандыру ісін­де тұқымдық қасиеті жоғары аталық малдардың ұрықтары ар­қылы аналық малдарды қолдан ұрықтандырудың бүгінгі таңдағы ең сенімді, ең тиімді, эконо­ми­калық жағынан пайдалы және мал тұқымдарын асылдандыру­дың ең төте жолы екені даусыз. Әрине осы жұмысты ел болып жұмыла көтеруге әлі де болса жергілікті жердегі азаматтардың ұйымдастырудағы, түсіндірудегі кемшін тұстары мен мал иеле­рінің тиісті көңіл бөлмеуі кері әсерін тигізуде», - дейді автор мақаласында.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Биыл мемлекеттік тілде хабар тарататын «Мәдениет» телеарнасы эфирге шығады» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалада Байланыс және ақпарат министрлігінің 2010 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысына арналған кешегі алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер баяндалады. «Байланыс және ақпарат министрі сондай-ақ жаңа жылда отандық ақпараттық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және көрермен үшін қызықты өнімдер ұсыну бағыттарындағы жұмыстардың да жалғасатындығына сендірді. «2011 жылы қазақ тілінде хабар тарататын «Мәдениет» телеарнасы эфирге шығады» деп мәлімдеді Асқар Жұмағалиев. Үкімет басшысы бұл бастаманы қызу құптады», - делінген мақалада. Алқа мәжілісінде айтылған өзге де маңызды мәсчелелерге қанықыңыз келсе, «Айқынның» бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

Сондай-ақ «Айқынның» сейсенбілік нөмірінде жарияланған «Дағдарыссыз дамитын әділ жүйе» атты мақалада 12-14 қаңтар аралығында «Исламдық қаржыландыру негіздері» тақырыбында Алматы мен Астана қалаларында Ислам банкінің семинарлары өтетінін айтылады. Оны «Al Hіlal» Ислам банкі ұйымдастырып отыр. Шараның мақсаты - «Ислам банкі, Шариғат бойынша салық салу ерекшеліктері мен ислам ұстанымдары бойынша қаржыландыру» мәселелері жөнінде мәліметтер беру.

***

«Жетінші Үкіметтің төрт жылы». «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі дәл осындай тақырыппен мақала жарық көрді. Мақала авторы осы уақытқа дейін Үкіметті басқарған азаматтардың атқарған жұмыстарын саралай келе қазіргі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің 2010 жылы қол жеткізген жетістіктеріне баға беріпті. Мақала авторының жазуынша, дағдарыспен бетпе-бет келген Мәсімов Үкіметі «соғыс тәртібіне» де, қолма-қол басқару режиміне де көше жүріп, прагматикалық һәм тактикалық тұрғыдан корпоративті рухта жұмыс істей білді. Осы Үкімет тұсында «Самұрық» холдингі, «Қазына» тұрақты даму қоры арқылы мемлекеттік акция пакеттері бір қолға жиналды, «30 корпоративті көшбасы» мемлекеттік бағдарламасы, жауапты хатшылар институты қалыптастырылды. Дағдарысты еңсеру үшін жасалған Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Ұлттық Банкінің және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары өз жемісін берді. Қазіргі Үкімет тұсында атқарылған жұмыстар жайлы білгіңіз келсе «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санын оқыңыз.

Сондай-ақ «Алаш айнасының» бүгінгі санында «Қаражорғаның құжатын қашан түгендейміз?» деген мақала жарияланды. Онда бүгінде халқымыздың көзайымына арналған биге қатысты туындап отырған мәселелер жөнінде баяндалады. Мақала авторының жазуынша, қазір «Қаражорғаның» құжаттарын заңдастырып, тас-түйін етіп алмай болмайды. «Себебі бұл жерді біз қаперге алмаған бір жағдаяттар барға ұқсайды: Қытайда жер секілді өнер мен мәдениет, ғылым тағы басқа саладағы құндылықтар ұлттарға бөлінбейтін болса керек. Осылай деп аспан асты елінің заңында айқын жазылып қойылған. Егер мәселенің байыбыны барған болсаңыз, онда сол заңға сәйкес, «Гиннестің рекордтар кітабына» енді», деп қалпағымызды аспанға атып жүрген «Қаражорғамыз» құжат жүзінде қазаққа емес, қытайға қызмет етіп, келешекте солардың рухани құндылығына айналу қаупі төніп тұрғанын аңғарар едіңіз. Сондықтан осы тұста бізге шаттанбас бұрын жан-жақты қам жасап, сақтану да керек», -дейді мақала авторы.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, 4 миллион 92 мың қазақстандық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуға қатысты рефрендум өткізуді қолдайтындықтарын білдірген. «Озвучив чаянья народа» атты мақала авторының пікірінше, мұншама қолдың қысқа ғана мерзім ішінді жиналуы қалың көпшіліктің мұң-мұқтажынан туындап отырған жәйт. Басылым бүгінгі санындағы «қоғамдық пікір» айдарында осы мәселеге қатысты материалдар топтамасымен берген.