Кардиохирургияда ота жасаудың озық әдісі енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада интервенциялық радиология саласында жаңа стандарттарды белгілейтін ТМД елдерінде алғашқы бірегей ота жасау кабинеті өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы әлемнің жетекші клинцистерімен  ынтымақтастықта әзірленген, интервенциялық радиология саласындағы жаңашылдық - Philips Azurion ангиографиялық жүйесімен бірегей ота жасау кабинеті ашылды.

ТМД елдерінде бірінші Azurion озық моделінің пайда болуы аз инвазивті ангиографиялық зерттеулер мен емделушілердің соңғы жетілдірілген құрылғылармен ем алуына жағдай жасайды. Сонымен қатар орталық кардиохирургия саласындағы оталарды тиімді жасаумен неғұрлым күрделі рәсімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.  

«Кардиохирургиялық орталығы дәрігерлерінің жоғары кәсіби біліктілігі және Azurion тәрізді жаңа буын медицина технологияларын енгізу Қазақстан мен Орталық Азияда денсаулық сақтауды түбегейлі жаңа деңгейге жеткізеді. Кардиохирургияда үздік әлемдік стандарттарды қолдану - жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресте сөзсіз артықшылық. Себебі, елімізде жүрек қан тамырына жылына 16 мың ота жасалады. Жаңа технологияның басты мүмкіндігі біріктірілген ота жасауға болатындығында. Яғни, бұрын бір отадан екінші отаға жүру керек болса, осы орталықта барлығы бір жерде, бір құрылғының көмегімен жасалады. Тағы бір айтып кететін мәселе, жүрекке жасалатын ота ашық және жабық болып бөлінеді, өкінішке қарай Қазақстанда ашық ота жасау көбейіп бара жатыр, осы тұрғыда жаңа технологияның көмегімен біріктірілген ота жасау, ашық ота жасауды азайтады. Бұл әлемдік медицинада дәлелденген әдіс. Себебі ашық ота жасау ол анағұрлым қауіпті»,- деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой.

Кардиохирургия сала мамандарының айтуынша, аталған орталық елімізде денсаулық сақтауды  дамыту жолындағы маңызды қадам, өйткені шетелге шықпай-ақ өз елімізде тегін емделе алады. Ұлттық кардиохирургиялық орталық емдеу нәтижелерін жақсарту және заманауи жабдықты пайдалана отырып, жүрекке жоғары технологиялық оталарды одан әрі тиімді жүргізу үшін озық инновациялық компаниялармен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруды көздеп отыр.

 «Жаңа технологияның басты артықшылығы мен жаңашылдығы жаңа туған сәбиден, қарттарға дейін ота жасау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, біз орталықтың тәжірибесіндегі тағы бір артықшылық, қандай да жаңашылдық болмасын алдымен біз қолымыздан өткіземіз. Айтпағым, аталған орталық бүгін ресми түрде ашылғанымен бұған дейін апробациядан өткізіп 50-ге жуық ота жасадық. Яғни, жаңа технология толық практикалық тексеруден өтті деп айта аламыз. Біріктірілген ота жасау кабинетінде бірден 8-10 қызметкер әрекет етеді. Технологияның тағы бір артықшылығы, бұған дейін жасалып жүрген кәдімгі отаға қарағанда уақытты 20%-ға қысқартады, ал уақыт ота кезінде өте маңызды. Ота уақыты емделушінің жағдайына байланысты 12 минуттан 12 сағатқа дейін созылады», -деді Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық АҚ-ның басқарма төрағасы Юрий Пя.