Кардиология орталығында инновациялық дәрігерлік қызмет тегін көрсетілуде - бас дәрігер А.Қодасбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда өлімге әкеп соқтыратын аурулардың ішінде жүрек қан тамырлары ауруы бірінші орында екендігі рас. Сондықтан да ел Үкіметі «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, осы дертпен күресуге басты басымдық беруде.

Алматыдағы кардиологиялық орталық директоры Алмат Қодасбаев үкіметтің тиімді саясатының арқасында аталған аурулардың көрсеткішін азайту мүмкін болып отырғанын айтады.

«Дер кезінде қабылданған Жалпыұлттық денсаулық сақтау жүйесі бағдарламасының арқасында Алматыдағы жүрек-қан тамырлары ауруынан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету мүмкін болып отыр», - деді А.Қодасбаев.

Маманның айтуынша, орталықта былтыр 18 мың адам қаралудан өтсе, жедел жәрдем көмегімен 11460 мың адам жатқызылған. Коронарография қызметін 3500 адам қабылдаса, олардың 1200-інің жүрегіне стенд қойылды.

Алматы тұрғындарын жедел кардиологиялық көмекпен қамтып отырған медициналық мекемелердің бірі және бірегейі - қалалық кардиологиялық орталығы.

Мұнда науқасты қабылдаудан бастап тексеру, анализ алу, ангиографиялық қондырғы арқылы коронарография, қажет болса ота жасауға дейін жоғары мамандандырылған көмектің барлық түрі көрсетіледі. Орталық мамандары халыққа тәулігіне 24 сағат тынымсыз қызмет етуде.

Аталған мекеменің директоры инновациялық жаңалықтарымен де бөлісті.

«Қазіргі таңда стенд қою Қазақстанның барлық аймағында жасалады. Алайда, біз инновациялық жаңалықтарға жақын болғандықтан, орталықта ол процестің дамыған түрі биологиялық материалдан жасалған стенд қоюды қолға алып отырмыз. Биологиялық стенд ағзаға тез сіңіп кетеді, ал тамырдың қан өткізгіштік қасиеті сол қалпында сақталады. Бұл - өте қымбат қызмет. Алайда, осындай қызметті әрбір Қазақстан азаматы үшін мемлекет тегін жасатып жатыр. Елбасының халыққа Жолдауында айтқанындай, дені сау әр азамат еліміздің баға жетпес байлығы», - деп аяқтады сөзін бас дәрігер А.Қодасбаев.

Алматыға қонаққа келген астаналық Нұрбану Қасымханова орталық дәрігерлерінің қызметіне дән риза.

«Қан қысымым 200-ден жоғары болып түстім. Келісімен бірден коронарографияға алып кетті. Өзім мұндай процестен бір рет өткенмін, адамға өте жағымсыз әсер қалдырады. Бір сүйінгенім, қолдың тамыры арқылы жасалады екен. Ешқандай, ауырсыну білінбеді. Медицина қызметкерлері өте кішіпейіл, білімді, ілтипатты. Адамның айығуына 10 пайыз медициналық көмек әсер етсе, 90 пайыз дәрігердің сөзі әсер етеді деген рас қой. Тіпті, бас дәрігердің өзі қарбалас жұмысына қарамастан, жағдайымды сұрап келіп тұрады. Мұнда тазалық, тәртіп - бірінші орында. Адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандар - Тұяқбаева Алина, Ханшайым, Сәуле деген дәрігерлерге алғысымды білдіргім келеді», - деді Н.Қасымханова.