Қардың молынан түсуі Мюнхендегі әуежайдың жұмысын тоқтатты

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні Баварияда қардың молынан түсуі салдарынан 90-ға жуық мюнхендік әуе рейстері тоқтатылды. Бұл туралы жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап Утро.ру хабарлайды.

Журналистердің мәліметтерінше, Lufthansa әуекомпаниясының Цюрих, Лейпциг, Франкфурт, Базель және  Лионнан рейстер алынып тасталды, сондай-ақ Бухарест, Париж және Гамбургке ұшыру кідіртілді.. Басқа да көптеген рейстер тоқтатылды. Осының барлығына бір себеп - қардың көптеп түсуі болды.

Мюнхен әуежайының ұшу жолақтарын үнемі қардан тазалауға тура келіп отыр. Қазіргі кезде Бавария астанасында температура 1 градусты көрсетіп, қар жауып тұр. Синоптиктер болжамына сәйкес, қар жауу сәрсенбі күні кешке қарай басылмақ.