Қарғалар адамдарға шабуыл жасай бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мюнхенде қарғалардың адамға шабуыл жасауының бірқатар оқиғасы тіркелді.

Қалалық билік өкілі Кристин Неттельнбрехердің хабарлауынша, қазіргі кезде қарғалар шаһар тұрғындарының денсаулығына қауіп төндіруде. Мәселен, Рихард Эберт есімді азаматқа кем дегенде үш қарға жабылып, оның басын бірнеше жерден жарақаттаған. Сонымен қатар бірқатар куәгерлер бұл құстардың балаларға да шабуыл жасағандығын хабарлаған екен.

Мамандардың сөзінше, қарғалар ұя салатын кезде өзінің аумағын қорғау үшін тосын мінез танытуы мүмкін.

Осы орайда мюнхендіктерге құстар ұя басатын биік ағаштардан аулақ жүру туралы ескертілді. Сонымен қатар балалар ойнайтын алаңдардың үстіне қорғаныс торларын тарту ұсыныстары жасалуда, деп жазады Росбалт.