Қарғалы өзені жасыл түске енді - зерттеу нәтижесі жарияланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының экология және қоршаған орта басқармасы сынақтан өткен судың алдын ала нәтижесін жариялады.
4 тамыз күні Қарғалы өзені жасыл түске енді.
Осыған байланысты экология және қоршаған орта басқармасы, Алматы қаласының экология департаменті, Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және табиғат қорғау полициясы қызметкерлерінен құрылған комиссия Үлкен Алматы өзеніне төгілген суды тексеру жұмыстарын жүргізді.
- Зертханалық талдау нәтижелері бойынша Қарғалы өзенінен алынған су сынамаларында химиялық және бактериологиялық көрсеткіштер бойынша артықшылықтар анықталған жоқ. Су нормаларға сәйкес келеді. Табылған бояғыш заттың іздері, алдын ала болжам бойынша, нөсерлі кәріз жүйесіне төгілген суда еритін тағамдық бояуға жатады, - деп хабарлады басқармадан.
Қазіргі уақытта Алматы қаласы экология департаментінің түпкілікті қорытындысы күтіліп отыр.
Еске салайық, осы жағдайға байланысты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі де мәлімдеме жасады.