- Кәрібай Иманжанұлы, Тәуелсіз мемлекетіміздің Конституциясының қабылданғанына биыл жиырма бір жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында еліміздің жеткен жетістіктеріне, бағындырған белестеріне қандай баға берер едіңіз?
- Туған еліміздің көне тарих үшін қас қағым сәт болып саналатын ширек ғасыр ішінде қол жеткізген жетістіктеріне әділ де жоғары бағаны дүниежүзілік қоғамдастық беріп отыр. Елбасы - Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сонау өтпелі кезеңдегі экономикалық қиындықтар әлі толық еңсеріліп болмаған 1997 жылы көрегендікпен қабылдаған «Қазақстан - 2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын орындалып, еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу мемлекеттің бірі атанды. Енді Мемлекетіміздің басшысы «Қазақстан - 2050» Стратегиясында алдымызға қойған айбынды мақсат - дүниежүзінің ең мықты дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылып, Мәңгілік Ел болу.
Еліміздің шежіресіне үңілсек, Тәуке ханның билік құрған заманына «Қазақ хандығының алтын ғасыры еді» деген баға берілген екен. Алайда, сол алтын ғасырдың ұзаққа созылмай, іле алтыбақан алауыздықтың салдарынан ел басына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған қаралы заман туғаны, халқымыз ақыры мойнына бодандық қамытын киіп тынғандығы аян. Тек 1991 жылы ғана ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Азаттық таңы атып, тағы бір алтын ғасырымыз басталды. Сондықтан да өткен тарихымыздан тағылым алып, халқымыздың «Алтау ала болса - ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса - төбедегі келеді» деген дана сөзін әмәнда есімізде ұстағанымыз жөн.Түрлі қатерлер туындап тұрған қазіргі алмағайып заманда бір жағадан - бас, бір жеңнен қол шығаратын бірлік пен ұйымшылдық танытуымыз қажет.
Пайымдап қарасақ, Кеңес Одағы күйреп тынғаннан кейінгі аса қиын кезеңде - Мағжан ақынның сөзімен айтқанда,«алаш баласы дағдарып қалған қара күндерде» бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституциямыздың мән-маңызы зор болғандығы даусыз. Осы Ата Заңымыз ойшыл Абай сынап айтқан, «бас басына би болғысы келген өңкей қиқымдарды» өз орындарына қойып, басшысы - біреу, басқалары тіреу болатын президенттік биліктің заңды түрде мықтап орнауына жол ашты. Осылайша қилы заманда халқымыз өз тағдырын сеніп тапсырған Тұңғыш Президентіміздің «Әуелі - экономика, сосын - саясат» қағидатын берік ұстанып, кеңес өкіметінің біржола құлауына әкеліп соқтырған, «Мамай шауып өткендей» дейтіндей бүліншілікке ұшыраған жағдайдағы, шашылып қалған шаруашылықты нарықтық жолға салып, «тоқырау» атты дерт меңдеген барлық салада түбегейлі реформаларды қолға алуына қолайлы мүмкіндік берілді. Сондықтан да Ата Заңымыз - бүгінгі барлық жетістіктеріміздің бастауы десек, артық айтпаспыз.
- Ата Заң біздің Азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады ғой...
- Бұл бейнелі сауалыңызды тура мағынасында: «Бүгінгі алған асуларымыз Конституциямызда паш етілген биік мұраттарға сай келе ме?» деп түсіну керек шығар.
Ата Заңымызда: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Тәуелсіздік жылдарында егемен еліміздің әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің ортасынан орын алғандығы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының төрағасы болып сайланып, кәрі дүниенің төріне шыққандығы, ал биылғы жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғандығы біздің шын мәнінде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті орнықтыру үстінде екендігімізді айғақтайды. «Мәскеу бір күнде салынған жоқ» деген орыс нақылын ойға алсақ, небәрі ширек ғасыр ішінде қол жеткен табыстарымызды азсынбай, Аллаға тәубе дегеніміз жөн. Әрине, барға тоқмейілсуге де болмайды. Міне, сондықтан да Елбасымыз Бес институттық реформаны ұсынып, оларды жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын да бекітіп бергені белгілі. Демек, біздің еліміз - өзінің Ата Заңында жарияланған асыл мұраттарды айқын мақсат етіп, ұдайы алға ұмтылып келе жатқан өршіл де жасампаз ел.
- 2012 жылы Астанада өткен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Конституция - қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік жаңғыруының негізі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Конституциямыз қабылданған күннен бастап тағдыр тоғыстырған көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болып келеді» деген болатын. Еліміздің басты байлығы да тұрақтылық пен этносаралық бейбітшілік, конфессияаралық келісім. Алайда, соңғы уақытта әлемде орын алып жатқан діни қақтығыстар жұртшылықты алаңдатуда. Ақтөбе жұртын ғана емес, күллі қазақстандықтарды орны толмас қасіретке, аза тұтуға душар еткен қанды оқиға туралы не ойлайсыз?
- Ата Заңымызда заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең екендігі,тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайтындығы, ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылатындығы тайға таңба басқандай етіп, айқын жазылған. Сондықтан да Конституциямыз, Елбасы атап айтқандай, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің тұғыры болып отыр. Қазір бәріміз де өз құқықтарымыз бен бостандықтарымызды Ата Заңнан іздейтін дағдыға көшкен сияқтымыз. Жаңадан қабылданатын кез келген Заңның да Конституциямызға сәйкестігіне бірінші кезекте назар аударатын болдық.
Ал Ақтөбеде биыл орын алған қайғылы оқиға ел болып ойланатын ауыр қасірет деп білемін. Оның себептері терең зерттеуді және оларды болдырмаудың жолдарын мұқият ойластыруды талап етеді. Осы орайда Ақтөбе облысына арнайы жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен жүзбе-жүз жолығып, қалыптасқан жағдайды талқылағаннан кейін Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің алдағы уақытта Үкіметтің әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасын шешуге айрықша назар аударуы қажеттігін айтқандығы көкейге қонады. Әрине, Үкімет қолданыстағы заңнамаға терроризмге қарсы күресті күшейтуге бағытталатын өзгерістер мен толықтырулар туралы Заң жобасын дайындап, алдағы уақытта Парламенттің қарауына ұсынатындығы да айтылды. Бұл ретте «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, көп болып кеңесіп, «жеті рет өлшеп, бір рет кескеніміз» жөн болмақ.
- Конституцияның 1-бөлімінің 3-бабында: «Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар» делінген. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде бұл мандатыңызды қалай бағалайсыз?
- Иә, Ата Заңымызда республикамыздың заң шығару қызметiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi органы ретінде Парламенттің және оның депутаттарының мәртебесі айтарлықтай биік дәрежеде айқындалған. Парламент Мәжілісінің депутаты атанып, Елбасының алдында халқымызға адал қызмет етуге ант бергендігім мен үшін үлкен бақыт әрі өзіме көрсетілген жоғары сенім мен жүктелген орасан зор жауапкершілік деп санаймын. Елге шама-шарқымша сіңірген еңбегімді, өмірлік тәжірибемді, білімім мен қабілетімді жоғары бағалаған «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ, осы қызметке ұсынған «Нұр Отан» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен партияластарыма және өткен парламент сайлауында «Нұр Отан» партиясы үшін дауыс берген азаматтардың баршасына ризашылығымды білдіремін.
Әлбетте, бұл маған ғана емес, Қызылжар өңірінің ұлы Мағжан рухы асқақтаған қасиетті қарашаңырағы - өзім еңбек жолымды бастаған «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің редакциясына көрсетілген зор құрмет екендігі де күмәнсіз. Тәуелсіздік жылдарында аталмыш басылымның екі бірдей басшысы (қазіргі бас редактор Жарасбай Сүлейменов төртінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болған) Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланғандығы да - соның айғағы. Бұл ежелден сөз өнері дарыған және сөз қадірін білетін басшылар бұйырған Қызылжар өңіріне ғана тән айрықша құбылыс десек, асыра айтқандық емес.
Жалпы алғанда, депутаттық қызмет өзімнің отыз бес жылдық журналистік жұмысымның қисынды жалғасы іспетті. Өйткені, журналист ретінде де, депутат ретінде де халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрмін. Тек бір ерекшелігі - журналистің сөзін билік басындағылар бірде елеп, бірде елемесе, депутаттың сауалдарына олар қолданыстағы заңнама бойынша міндетті түрде жауап беруге тиісті...
- Жақында шет елдің білікті университеттерінің бірінде заңгер мамандығы бойынша білім алған маманмен әңгімелесу барысында ол елімізге жаңа инновациялық заңдардың қажеттігі туралы айтқан еді. Бұл пікірге көзқарасыңыз қандай?
- Бұл пікірді мен ғана емес, Тәуелсіздік жылдарының басында қабылданған заңдардың уақыт өте келе елеулі өзгерістерге ұшырағандығы да қуаттайды. «Елу жылда ел - жаңа» дегендей, елде болып жатқан эволюциялық өзгерістер қолданыстағы заңнаманы ұдайы жаңартып отыруды тілейді. Бірақ, біз қазір Америка Құрама Штаттарының немесе Еуропаның ең мықты дамыған елдерінің заңдарының бәрін түгел көшіріп ала қойсақ, барлық проблеманы бір-ақ күнде шешіп тастап, озық отыздықтың ортасынан бір-ақ шығар едік деу - айтуға ғана оңай аңғырттық. Елдің даму деңгейін, геосаяси жағдайын, халқының ділін, ұлттық ерекшеліктері мен салт-дәстүрлерін ескермей, Батыстың демократиясын күштеп тықпалаудың аяғы кейбір мемлекеттерді неге апарып соқтырғандығын көріп-біліп отырмыз. «Ақымақтар өз қателігінен, ақылдылар өзгенің қателігінен үйренеді» демекші, біздің өз ақылымызбен жүретін, ешкімге еліктеп-солықтамайтын өз жолымыз, яғни қазақстандық жолымыз бар. Елбасы салған сол жолымызбен асудан-асуға асып, көз тіккен биігімізге іркілмей өрлеп келеміз.
- Еліміздің болашағы - жастар. Олардың бойларына отансүйгіштік, елжандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру үшін не істеу керек?
- «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын» деген нақыл сөз бекерден-бекер айтылмаған ғой. Аллаға шүкір, Президентіміздің «Болашақ» бағдарламасы дарынды жастарымыздың әлемнің озат елдерінде озық білім алуларына мүмкіндік берді. Олардың алды қазір билік басына келіп жатыр. Бұл игі үрдіс алдағы кезде жалғасын табуға тиісті. Мен өзім білетін талай шенеуніктің бойларынан табыла бермейтін мемлекетшілдік, әділдік, кісілік, тапсырылған іске адалдық, игі бастамаларға шынайы жанашырлық сияқты тамаша қасиеттерді сол «болашақтықтардың» бойларынан аңғарып, сырттарынан сүйініп жүрмін. Ата Заңымызда бағыт түзейтін Темірқазығымыздай болып белгіленген Қазақстанымызды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыру міндетін түпкілікті атқарып шығатын жаңа ұрпақ қалыптасып жатыр деп сенемін.
Жастарға отансүйгіштік тәрбие беру ісінде, әрине, үстіміздегі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы қабылдаған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін басшылыққа алғанымыз жөн. Онда Мәңгілік Елдің жеті мызғымас тұғыры Тәуелсіздігімізді нығайтып, Астанамызды ардақтау, жалпыұлттық бірлік пен келісімді сақтау, зайырлы мемлекет пен жоғары руханиятты қалыптастыру, инновация негізіндегі тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығын насихаттау, ұлттық қауіпсіздікті күшейту екендігі атап көрсетілген.Осы жеті тұғырымызды бекітіп, беріктендіру ісіне білек сыбана атсалысу - Мәңгілік Ел болу мұраты жолында түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған даңқты Күлтегін мен Тоныкөк бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтары - біздің мойнымыздағы басты аманатымыз, азаматтық қасиетті борышымыз.
- Әңгімеңізге рахмет!