Кәрібай Мұсырман: Латынға көшу - елорданы ауыстырумен бірдей тарихи маңызды шешім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан латын графикасындағы әліпбиін енгізу шараларына үлкен дайындықпен келді. Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман латын графикасындағы әліпби нұсқасына байланысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының ұсынысымен кириллицадан латын графикасына көшкелі жатырмыз. Жеке өз басым бұл қадамды қолдаймын, өйткені ол еліміздің келешегіне, ұлтымыздың және қазақ тілінің болашағы үшін қажетті шара деп білемін. Жалпы, осы бастаманы Елбасының елорданы Алматыдан Астанаға көшірумен бірдей тарихи маңызы бар шешім деп санаймын. Латын әліпбиіне ауысу жастарымыздың болашағына жол ашады, сондай-ақ  қазақ тілінің әдемілігін әрі әуезділігін сақтауға мүмкіндік туғызады»,-деді Кәрібай Мұсырман.

Оның пайымынша, мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру әлем елдерінде тұрып жатқан қандастарымыздың қазақ тілін үйренуіне де жақсы жағдай жасайды.

«Жалпы осы тақырыпты үнемі бақылап жүрмін, яғни әлеуметтік желілердегі пікірлерді қарап отырамын. Әсіресе, бірінші жобаға қатысты сын мен ұсыныстар болды. Аптаның  басында Президентке ұсынылған жоба бірінші нұсқаға қарағанда әлдеқайда пысықталған деп айтуға болады»,-деп атап өтті К. Мұсырман.

Депутаттың сөзіне қарағанда, латын әліпбиін енгізуге Қазақстан үлкен дайындықпен келіп отырғандықтан, елеулі қателіктерге жол берілмейтін болады.

«Өздеріңіз білесіздер, қазақ жазуының латынша нұсқасын бүкіл халық болып талқылап жатырмыз. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты пікір алмасулар қамтылды. Сондықтан таныстырылған екінші жоба қолайлы әрі оңтайлы деген ойдамын»,-деп түйіндеді сөзін ол.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 9 қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдады. Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды . 

Фото facebook.com