АСТАНА. ҚазАқпарат – «Реал Мадрид» командасының шабуылшысы Карим Бензема Чемпиондар лигасында 18 маусым қатарынан гол соғып, Лионель Мессидің рекордын қайталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бензема 1/8 финалда «Ливерпульмен» өткен матчта қос голдың авторы атанды. Осылайша, ол Еуропаның басты кубогінде 18 маусым қатарынан мергендік танытты. Бұдан бұрын мұндай нәтижеге Месси ғана қол жеткізген. Олардың екеуі де Чемпиондар лигасында 2005-2006 жылғы маусымнан бері қанжығаларын майлап келеді.
Сырт алаңда «Ливерпульмен» өткен ойында 5:2 есебімен жеңіске жеткен мадридтік клуб ширек финал жолдамасына жақындай түсті.
Қос команда арасындағы қарымта кездесу 15 наурыз күні Мадридте өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ливерпульдің» өз алаңында «Реал Мадридтен» ойсырай жеңілгенін жазған болатынбыз.
Фото:GETTY IMAGES
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).