Кәрім Көкірекбаев бокстан әлем чемпионатының жүлдегеріне пәтер берді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев әлемдік спорт додалары мен «Универсиада-2017» жазғы ойындарының жүлдегерлері мен бапкерлерді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің қабылдауында Гамбургте өткен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл, Парижде күрес шеберлері арасында өткен чемпионаттың қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Тайбэйде өткен «Универсиада-2017» жазғы ойындарының қола жүлдесінің иегері Бекәділ Шаймерденов болды. Сонымен қатар өңір басшысы бокстан бапкер Нұрлан Ақүрпеков пен Ұлттық құраманың бапкері Нұрдәулет Момыновты да қабылдады.

«Сіздердің спорттағы жетістіктеріңіз - біздің ұлттымыздың мақтанышы, еліміздің зор қуанышы»,-деді әкім кездесуде.

«Сіздер біздің облысымызды, тіпті республикамызды әлемге таныттыңыздар. Шын жүректен құттықтаймын, Сіздерге деген алғысым шексіз. Өңіріміздегі спорттың дамуында, әсіресе оның әлемдік деңгейге көтерілуінде Сіздердің жанкешті еңбектеріңіздің ізі жатыр».

Отандық спортты дамыту ісіне үлес қосқаны үшін өңір басшысы Аманқұл Әбілханға екі бөлмелі пәтердің кілтін, өзге спортшылар мен бапкерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етті.