Кәрім Мәсімов Елбасына елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы баяндады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы баяндады.

Бұл туралы Үкімет басшысы өзінің Твиттердегі парақшасында хабарлады.

«Мемлекет басшысына елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы баяндадым», - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, өткен Үкімет отырысында 2016 жылдың 6 айы ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қарастырылған болатын.

Атап айтқанда, ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Қазақстан экономикасы оң аймаққа шыққанын мәлім етті. 2016 жылдың қаңтар-маусым айларында 2015 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ІЖӨ өсімі 0,1% құрады. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бұл өсімге «Нұрлы жол» және индустриалдық даму мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуы сеп болған. Сонымен қатар  экономиканы қолдауға Үкімет пен ҚР Ұлттық банкінің дағдарысқа қарсы жоспарының жүзеге асырылуы зор ықпалын тигізді.

Ел аймақтарында да өсім байқалады. Экономикалық көрсеткіштері бойынша көш басында - Ақмола (6,5%), Оңтүстік Қазақстан (5,3%) Шығыс Қазақстан (4,3%) облыстары.