Кәрім Мәсімов республика Үкіметі жанындағы Экономикалық консультанттар кеңесінің кезекті мәжілісін өткізді

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Алматыда Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Экономикалық консультанттар кеңесінің кезекті мәжілісін өткізді,

деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметінен.

Сәрсенбі күні өткен Кеңестің мәжілісінде Қазақстанда қор нарығын дамыту мәселесі және ел экономикасын саралаудағы оның маңызы талқыланды.

Жарыссөзді ашқан «Үштік диалог» директорлар кеңесінің төрағасы Асқар Елемесов, Қазақстандағы қор нарығының ағымдағы жағдайы мен оның даму перспективасы туралы зерттеулерді таныстырды.

Талқылау барысында «ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық банкі жанындағы Ұлттық талдау орталығы» акционерлік орталығының директорлар кеңесінің мүшесі Арыстан Есентүгелов, экономика ғылымдарының докторы, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, «Қазақстанның Депозиттерді кепілдендіру қоры» акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры Жанат Құрманов, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар ұйымының директорлар кеңесінің төрағасы Серік Аханов, Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының жетекшілері Меруерт Махмұтова мен Қанат Берентаев, сондай-ақ вице-премьер Ербол Орынбаев, Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Қаржы министрі Болат Жәмішев сияқты танымал сарапшылар өз пікірлерін ортаға салды.