***
«Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 31 тамызда кандидаттарды ұсыну аяқталды. Осыған байланысты кеше Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Венера Жексембекова брифинг өткізді»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Венера Жексембекованың хабардар еткеніндей, 2-31 тамыз аралығындағы кезең ішінде Парламент Сенатының депутаттығына республика бойынша 88 кандидат ұсынылған. Салыстыратын болсақ, 2008 жылы Сенаттың кезекті сайлауына - 88, ал 2011 жылы 92 кандидат ұсынылған. «Осылайша, Парламенттің жоғарғы палатасының депутаттарын сайлау жөніндегі соңғы үш сайлау науқанының шеңберінде ұсыну қорытындылары бойынша орташа бәсекелестік бір сенатор мандатына 5-тен аса үміткерді құрайды, - деді ол. - 1 қазанда өтетін сайлауға ең көп кандидат (9 адам) Алматы қаласында ұсынылды. Ақтөбе және Алматы облыстарында 7 кандидаттан ұсынылып отыр». Осы жайында « Кандидаттарды ұсыну аяқталды» деген мақаладан оқи аласыздар.
Бұл газетте « Құрылыс индустриясы: қарқын қалай?» атты мақала берілген. «Бұл ретте құрылыс кластерін қалыптастырып, елді барынша отандық жоғары сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету Үкімет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Ал осыған орай, атқарылған жұмыстар, жүзеге асырылған бағдарламалар нәтижесінде құрылыс саласында отандық өнім қазір ішкі сұраныстың 80 пайыздан астамын қамтиды. Әрине, бұл - жақсы көрсеткіш. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл көрсеткіш 2010 жылы 63,2 пайыз болған, 2009 жылы 55,2 пайыз еді, ал өткен жылы 75 пайызды құрады. Яғни, салада жыл сайын өсім бар»,-деп жазады мақала авторы. Негізінен Қазақстанның құрылыс индустриясы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының нәтижесінде барынша өрістеп, дами түсті. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығындағы қорытынды бойынша құрылыс саласындағы өнім көлемі 170 млрд. теңгені құраған. Ал инвестиция көлемі 25,9 млрд. теңге. Десек те, қазіргі күні үй салып, құрылыспен айналысып жатқан адамдармен сөйлесе қалсаңыз, олардың пайдаланатын материалдарының көпшілігі шетелдік өнім екенін айтады. Бірі шетел тауарларының бағасы арзан деп қызықса, енді бірі отандық өнімнің сапасына күмәнді. Енді біреулері тіпті өз өнімдеріміздің бар екенінен бейхабар. «Әйтпесе 80 пайыз деген аз емес, дүкен сөрелері мен құрылысшы қоймасында отандық өнім самсап тұруға тиіс еді. Бірақ дүкен аралай жүріп, ондай нәтижені көре алмадық. Шетінен шетелдікі, одан қалды сатушылардың өзі импорт тауарын түгі қалмай мақтап әлек. Сонда 80 пайыз кім үшін?!»,-делінген мақалада.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Сот актілерінің орындалуын қадағалау қызметі шеңберінде Бас көлік прокуратурасы мемлекет пайдасына 945 млн 529 мың теңгені өндіріпті. Қазіргі кезде 30-дан астам сот үкімімен тәркіленген жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын тауар-материалдық құндылықтарды прокуратура бақылауында ұстап отыр. Көлік прокуратурасының ұсынысы бойынша жыл басынан бері жұмысын немқұрайлы атқарған 143 сот орындаушыларын тәртіптік жауапқа, ал өндірілген қаржыны талан-таражға салған бір қызметкер қылмыстық жауапқа тартылған. Қазір республикада жанармай тапшылығы қатты сезілуде. Соған қарамастан, алыпсатарлар жақында 50 тонна дизель отынын контрабандалық жолмен Ресейге өткізбекші болды. Ресейдің екі азаматы Қостанай облысында ұсталды. Бұдан бұрын Шекара қызметі 25 тонна дизель майын, 28 тонна шикі мұнайды және 40 тонна бензинді шекара асып бара жатқан жерінде тоқтатқан болатын. Жақында ғана Кедендік бақылау комитеті Қытайдан контрабандалық тауар тасымалдайтын желіні анықтады. Қытай тауарлары Ресей азаматы бақылауындағы қазақстандық ЖШС-ға жалған құжаттармен түсіп отырған. Кедендік салық төленбеген тауардың жалпы сомасы 1 млрд теңгені құраған. Кеден қызметі органдары осы жылдың бірінші тоқсанында жалпы сомасы 4 млрд теңге болатын 164 қылмыстық іс қозғапты. Осы қаржының барлығы мемлекет қоржынына қайтарылуы тиіс. Осы жайында «Тәркіленген мүлік - мемлекеттің меншігі» атты мақалада жарияланды.
Осы басылымда «Каримов те алаңдап отыр» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Өзбекстан тәуелсіздігінің 23 жылдығына арнап сөйлеген сөзінде ел президенті Ислам Каримов мемлекеттің мызғымастығы, шекара мен егемендікті қорғау туралы өз пікірін білдірді. Ал мұның себебі неде? Сарапшылардың айтуына қарағанда, Ислам Каримовтің мазасыздануының жөні бар. Өйткені кейінгі кезде ел ішінде элитааралық шайқас күшейіп, сырттан ислам радикализмі сықылды қауіптің бары айқын біліне бастады. Расында да, Ислам Каримов тәуелсіздікке қатысты сөйлеген сөзінде таяу және алыс шетелден төнер қауіптің барын жасырмады. - Атап айтқанда, лаңкестік пен экстремистік әрекеттер болуы мүмкін. Сондықтан ресми Ташкент кез келген түйінді мәселені халықаралық нормалар арқылы тек қана саяси келіссөз және бейбіт жолмен шешуге ұмтылады. Өзбек халқы өзара тату тұрып, бұрынғыдан бірлікке, ынтымаққа топтаса бастауы тиіс, - деді Ислам Каримов. «Әрине, Каримовтің бұлай мәлімдеме жасауы бекер емес. Соңғы айларда әлемдегі жағдай тіпті ушыға түсті. Әсіресе, Ирак пен Ауғанстан, сонымен қатар Украинадағы жағдай алаңдатарлық жағдайға жетті»,-деп жазады «Айқын».
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында « Век пули не видать » деген мақала берілген. Петропавлда СҚО Қаржы полициясы басшысының орынбасары Жандос Ахметовтың өліміне қатысты іс бойынша сот жалғасуда. Ол өткен жылғы 24 желтоқсанда Петропавлда өз үйінің кіреберісінде қылмыскердің қолынан қаза тапты. Тергеу нұсқасына қарағанда, Ж. Ахметовты қателесіп өлтірген көрінеді. Киллердің басты мақсаты - департамент басшысы Нұрлан Шабдар болған екен. Сот бұл кісі өлтіру фактісінің жеті жыл бұрын Малаводное ауылындағы оқиғамен байланысын анықтауға тырысуда.