Мемлекет басшысы мерекелік лебізбен шектелмей, жаңа тұжырымдамалық ойларын да ортаға салды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің бүгінгі сөзіндегі аңғарған негізгі 9 дәйекті ой-тұжырымды көпшілік назарларына ұсынды.
- «Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция – Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған басты заңы. Дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды. Технологиялық жетістіктер, саяси дүрбелеңдер, әскери қақтығыстар белең алып жатқан қазіргі дәуірде Негізгі заңымыздың жол нұсқаушы темірқазық ретіндегі маңызы еселене түседі»
- «Еліміздің Бас құжаты – Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Осылайша, біз ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз»
- Азаматтарымыздың басым көпшілігі Заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті нығайту стратегиясын қолдайды, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысады. Алайда, бұл әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес. Біз биік мақсаттарға ұмтылып, тек қана Алға – жарқын болашаққа қарай жүруіміз керек. Келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет.
- «Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын»
- «Реформалардың бастапқы кезеңінде еліміздегі көзі ашық және прогрессивті қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар аясында бірігуі қажет деп санаймын. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттілігімізді нығайту ісінде табысқа жете аламыз»
- «Еліміздің Егемендігі, Тәуелсіздігі – ең маңызды, ең қастерлі құндылығымыз. Біз өркениетті әрі озық ойлы ұлт ретінде өзімізге сенімді болуымыз керек. Ешкімге жалтақтамай батыл әрекет етуіміз қажет. Бұдан басқа жол жоқ»
- «Мемлекет үшін бір күннің қамы емес, болашақтың жайы маңызды. Сондықтан, біз Абайдың ұлағатына сай «ақырын жүріп, анық басамыз». Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, алысқа көз тігеміз»
- 8. «Біздің мақсатымыз – өзгелердің таптаурын болған тәжірибелері мен идеяларын үлгі-өнеге етпеу, өнбейтін дау-дамайдан бойды аулақ салу. Сонымен бірге өткен ұлы дәуірдің құндылықтарын ой елегінен өткізіп, сапалы түрде жаңғыртып, заманауи өркениетке қарай бейімдеу. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары дамудың бұрын-соңды болмаған үлгісі мен тәсілдеріне жол ашатын жаңа әрі шексіз кеңістік қалыптастырды. Мыңның біріне берілетін дәл осы тарихи мүмкіндікті тек қуатты, күшті, болашаққа бет алған халықтар пайдалана алады»
- «Кейінгі жылдарды еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деуге толық негіз бар. Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе, қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті. Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады. Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде»