Қарин Президенттің сөзінен өзі маңызды деп санаған 10 тұжырымды бөлісті

АСТАНА. KAZINFORM — Вице-президент Ерлан Қарин Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі форумынан кейін Telegram-дағы парақшасында жиында көтерілген мәселелер мен ел дамуына қатысты өзекті тақырыптар туралы жазды. Ол Президенттің сөзінен өзі маңызды деп санаған 10 тұжырымды бөлісті.

Фото: Ақорда

Вице-президенттің жазуынша, форумда стратегиялық маңызы зор ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланған. Ал ауылды, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру Президенттің ұдайы назарында.

Ол Мемлекет басшысының бүгінгі және болашақтағы күн тәртібіне қатысты бірқатар мәселедегі ұстанымына тоқталып, 10 тұжырымды жеке-жеке атап өткен:

1. «Құрылыс және тағы да құрылыс».

«Бұл – біздің құбылмалы, тұрақсыз әлемнің сын-қатерлеріне лайық жауабымыз. Геосаяси және экономикалық ахуалдың қалай өрбитінін болжап болмайтын осындай күрделі жағдайда мемлекетіміздің және әрбір азаматымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің байыпты әрі ең ұтымды жолы да – осы. Біз біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз».

2. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы және реформалар.

«„Халықтық құрылыс“ бағдарламасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес, сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау, жасампаздыққа бастайтын жаңа құндылықтарды қоғамда орнықтыру – жаңа әрі үлкен жолдың басы ғана. Алда атқарылар іс те, бағындырар белес те көп».

3. Елдің орта және ұзақ мерзімді дамуы.

«Президентіміздің елімізді дамыту жөнінде орта және одан кейінгі мерзімге арналған нақты ойлары мен жоспарлары бар. Қазіргі таңда еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қатысты барлық мәселе шешімін тапты деп айтуға әлі ерте».

4. Мемлекетшіл тұлғалар қажет.

«Елімізге халықтың әл-ауқаты мен ұлт мүддесін жеке бастың пайдасынан биік қоятын шын мәніндегі мемлекетшіл тұлғалар қажет. Дүние-дәулет – өткінші, бірақ, халықтың қамы үшін атқарылған нақты істер, азаматтың жақсы аты әрдайым елдің есінде сақталады. Сол сияқты бой көтерген әлеуметтік нысандар қай кезде де адамдардың, өскелең ұрпақтың игілігіне жарай береді».

5. Халық пен мемлекетке қызмет ету.

«Халық пен мемлекет игілігі үшін қызмет ету – зор мәртебе. Мұндай мүмкіндік әр азаматқа бұйыра бермейді. Сондықтан, бұл міндетке салғырт қарау – түптеп келгенде, ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін заңға қайшы әрекет».

6. Бүгінгі нақты қызмет бағалануға тиіс.

«Кешегі жеткен жетістіктер емес, бүгінгі нақты қызмет бағалануға тиіс. Президент кез келген лауазымды тұлғадан, ең алдымен, жеке тәртіп мәселесіне баса мән беріп, адал әрі жинақы болуды, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюды талап етеді».

7. Конституциялық құндылықтарды сақтау.

«Барлық деңгейдегі басшылар конституциялық құндылықтардың мәнін түсініп, оны берік ұстануға және нақты жүзеге асыруға, Әділетті Қазақстан құру идеясына адал болуға тиіс».

8. Заң алдында бәрі тең.

«Бүгінде жоғары мемлекеттік марапат, сапалы білім, мол тәжірибе ешкімге заң алдында артықшылық бермейді және бұл солай болып қала беруге тиіс».

9. «Заң мен Тәртіп» қағидаты.

«Конституцияда бекітілген „Заң мен Тәртіп“ қағидаты – мызғымас ұстаным. Ол атақ-дәрежесіне, қоғамдағы орны мен лауазымына қарамастан барлық азаматқа бірдей қолданылады».

10. Институттарға негізделген мемлекет.

«Біз азаматтардың табысы мен әл-ауқаты жекелеген тұлғаларға емес, орнықты институттарға байланысты болатын мемлекет құрып жатырмыз».

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында сөз сөйлегенін хабарлағанбыз.