Ерлан Қарин ішкі саясат мәселелерін талқылау үшін Ұлттық құрылтай мүшелерімен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың бірқатар мүшесімен кездесіп, ішкі саясат мәселелерін пысықтады.
Басқосуға Айдос Сарым, Мұрат Әбенов, Әлия Мұстафина, Диқан Қамзабекұлы, Ермұрат Бапи, Бөріхан Нұрмұхамедов, Ерлан Саиров, Жұлдыз Сүлейменова, Қазыбек Дәуіталиев, Уайс Ерсайынұлы, Лаура Қарабасова және Қайсар Тұрсынғожаев қатысты.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл наурыз айында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамалары талқыланды.
Мемлекет басшысы 1 сәуір күні Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген бастамаларды жүзеге асыру туралы Жоспарға қол қойған болатын. 53 тармақтан тұратын құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесе отырып әзірледі.
Бұған қоса таяуда 100-ден астам бастамадан тұратын Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын қараудың жоспары бекітілді.
Ұсыныстарды талқылау барысында ішкі саясат саласына қатысты біртұтас кешенді құжат даярлау қажеттігіне баса мән берілді.
Мемлекеттік кеңесші бұл құжаттың сарапшылардың, Ұлттық құрылтай мүшелерінің, қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдардың қатысуымен бірнеше айдан бері әзірленіп жатқанын атап өтті.
Ерлан Қарин жаңа құжаттың негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа арқау болатын қағидаттарды, идеологемаларды және құндылықтарды айқындау және жинақтау екеніне назар аударды.
Құрылтай мүшелері өз кезегінде бұл құжаттың қабылдануы ішкі саясат саласындағы негізі акторлар үшін басымдықтарды айқындауға мүмкіндік беретінін, мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын бір жүйеге келтіруге ықпал ететінін атап өтті.
Құжат жобасы алдағы уақытта сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдерімен бірге тағы да талқыланады.