Қарияның ұмытып кеткен сөмкесі ХҚКО-да жұртты дүрліктірді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барған қария ыдыс-аяқ салынған жолдорбасын ұмытып кетіп,  салдарынан ХҚКО-дан адамдар түгел эвакуацияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияровтың хабарлауынша, ХҚКО-дағы күдікті сөмке туралы хабарлама кезекші бөлімге сағат 12.40-та түскен.

«Полиция қызметкерлері 70 адамды - келушілер мен техникалық қызметкерлерді қауіпсіз жерге шығарды. Оқу-жаттығу взводының мамандары жолдорбаны ашқанда, ішінен ыдыс шықты», - деді Бақытжан Құдияров.

13.40-та шұғыл әрекеттерді тоқтатуға команда берілді. Полицейлер егде жастағы ер адамның ХҚКО-ға келіп, жолдорбасын ұмытып кеткенін анықтады.