Қарыз алушы қайтыс болса, ипотекаға алынған пәтер кімге қалады

АСТАНА. KAZINFORM – Ипотекаға пәтер алған адам қайтыс болған жағдайда баспана да, оның ипотекалық қарызы да мұрагеріне өтуі мүмкін. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы – баспасөз хатшысы Олжас Рамазанов жауап берді.

Коллаж: Kazinform

Оның айтуынша, қарыз алушының қайтыс болуы ипотеканы автоматты түрде тоқтатпайды.

– Ипотекалық қарыз шарты бойынша міндеттемелер қарыз алушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылмайды және мұра қабылданғаннан кейін мұраға қалдырылатын мүлікке, оның ішінде кепілдегі жылжымайтын мүлікке құқықтармен бірге мұрагерге өтеді, - деді ол.

Осылайша, ипотекасы әлі толық төленбеген пәтер де мұраға қалады. Бірақ пәтер банктің кепілінде қала береді.

Олжас Рамазановтың түсіндіруінше, қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін ипотекадағы пәтер бірден банкке өтіп кетпейді. Мұрагер мұраны қабылдаса, пәтер де, оған байланысты ипотекалық міндеттеме де бірге өтеді.