Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың айтуынша, МӘМС арқылы қаржыландырылатын басқармаға қарасты медициналық ұйымдардың бюджеті биыл 120,4 млрд теңгені құраған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2,5% пайызға артық. Десе де, медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі азаймай тұр.
«Медициналық ұйымдарды қаржыландырудың жеткіліксіздігінен кредиторлық берешек қалыптасты. Бүгінде олардың кредиторлық берешек сомасы 14,7 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде «СК-Фармация» ЖШС-ға 4,5 млрд, өзге де жеткізушілерге 10,2 млрд теңге берешек бар. 2022-2023 жылдары мерзімі өткен кредиторлық берешек сомасы 3,3 млрд теңгеге тең. Атап айтсақ, №1 көпсалалы қалалық аурухананың берешегі - 2,2 млрд теңгеге, қалалық фтизиопульмонология орталығының қарызы - 662 млн теңгеге және қалалық инфекциялық орталығының берешегі 398 млн теңгеге жетті», - деді Әлия Рүстемова.
Оның айтуынша, кредиторлық берешектің пайда болуының негізгі себептері төмендегідей:
– дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға, азық-түлікке, коммуналдық және басқа да қызметтерге бағаның жыл сайынғы өсуін көздемейтін төмен тарифтер;
– медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру;
– көрсетілетін қызметтер көлеміне келісілгеннен төмен шарттар жасасу.
Бұдан бөлек, ағымдағы кредиторлық берешектің пайда болу себебі медициналық сақтандыру қорының филиалы тарапынан уақтылы қаржыландырылмауынан туындаған екен. Мәселен, бүгінде медициналық ұйымдарға ағымдағы жылдың 4 айында ғана орындалған жұмыстар актілері бойынша қаражат төленіпті.
Құзырлы органдар №1 қалалық көпбейінді аурухананың кредиторлық берешегін жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтеу тетіктерін қарастыруда. Бұл мәселе биыл 2 қыркүйекте мәслихат отырысында көтерілмек.