Кәріз суы Ертіс өзеніне құйылып жатыр: ШҚО экологтары тексеру жүргізуде

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының экологтары Өскеменде кәріз суының Ертіс өзеніне құйылып жатқандығы туралы әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты тексеру жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде Өскемендегі «Riviera Residence» тұрғын үй кешеніндегі кәріз желісінің жұмыс істемеуі салдарынан жерге аққан кәріз суының сол маңдағы бау-бақша қоғамдастығының аумағы арқылы өтіп, Ертіс өзеніне құйып жатқандығы туралы ақпарат тарады. https://www.instagram.com/p/Cpu_kYqsZ9E/ Осыған орай ШҚО Экология департаментінің мамандары тексеру жұмыстарын қолға алды.

«Департамент қызметкерлері оқиға орнына барып, ағынды су мен топырақтан сынама алды. Енді ондағы зиянды заттардың бар-жоғын анықтау үшін химиялық зерттеулер жүргізіледі», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Ал Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Riviera Residence» тұрғын үй кешенін «Өскемен Водоконал» ШЖҚ балансына беру туралы шешім қабылданған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бүгінде қажетті құжаттарды дайындап, келіссөздер жүргізуде. Алдағы уақытта кәріз суын қалалық кәріз желілеріне айдау үшін сорғы станцияларының жүйесін автоматтандыру жоспарлануда. Бұл кәріз суының жер бедері мен Ертіс өзеніне ағуына жол бермейді.


Соңғы жаңалықтар