Қарызын төлемегендердің жасырын табысы inDrive және Yandex арқылы анықталуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев табысын қасақана жасырғандарды анықтау қалай іске асырылатынын түсіндірді.
Оның айтуынша, министрліктің жүйесін агрегатор-сайттарға, соның арасында inDrive-ге, Yandex -ке және басқа да платформаларға қосу жоспарланып отыр.
— Қазіргі кезде агрегаторлармен тиісті келіссөзді бастадық. Yandex Taxi немесе басқа да интернет агрегаторлармен келісім болуы ықтимал. Бұл тұрғыда тек борышкерлерге қатысты ақпарат алмасу болады, яғни алимент немесе басқа да төлемдерді төлемей, табысын жасырып жүргендер қамтылады. Осы орайда сот шешімдерін орындау мәселесі ескерілген. Оларды тек жүйенің интграциясы арқылы іздеп, тиісті шара қолдануды қарастырып отырмыз, — деді Ерлан Сәрсембаев Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, бұған дейін борышкерлердің өзге де кіріс көздерін анықтауға агрегатор-сайттар көмектесетіні айтылған еді.