Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған мереке абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына орайластырылған. Фестивальге Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикасынан қонақтар келді. Ұйымдастырушылардың болжамынша, шараға барлығы 35 мыңға жуық адам қатысады.
- Таңертеңнен бастап Қарқара жайлауына жиналған жұртшылық тақырыптық алаңдарды аралап, жүзден астам киіз үйден құралған этноауылмен танысты. Мұнда қазақ халқының мәдени мұрасын танытатын көрмелер ұйымдастырылып, қолөнер шеберлерінің туындылары, суретшілердің еңбектері, ауыл шаруашылығы техникасы мен жергілікті өндірушілердің өнімдері көпшілік назарына ұсынылды, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ қолөнерге қызығушыларға шеберлік сабақтары өткізіліп, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты бейнелейтін тарихи жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды.
Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар өтіп жатыр. Қатысушылар ат бәйгесі, қазақ күресі, алыптар сайысы, теңге ілу, асық ату және қой көтеру бойынша бақ сынауда.
Мереке бағдарламасында «Топжарған» этно-өнер орталығының шоуы, «Толағай» өнер орталығының қойылымдары, облыс өнерпаздары мен танымал эстрада жұлдыздарының концерті де бар.
Балаларға арналған арнайы аймақта аттракциондар, қуыршақ театры, қолөнер және сурет салу шеберлік сабақтары, сондай-ақ шахмат пен тоғызқұмалақ жарыстары ұйымдастырылған.
Фестиваль қонақтары ұлттық сусын қымыздан дәм татып, қазақтың дәстүрлі тағамдарынан ауыз тиіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін елордалық зейнеткерлер қымызмұрындық мерекесін атап өткен болатын.