Қарқаралы мен Балқашқа апаратын жолдар жаңарып жатыр - ҚазАвтоЖол

Фото: ҚазАвтоЖол

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысында республикалық маңызы бар автожолдар жөнделіп, жол бойындағы сервистік нысандар жаңартылуда. Бұл туралы ҚазАвтоЖол хабарлады.

Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы — 1843,5 шақырым. 2025 жылы 10 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, олардың жалпы ұзындығы — 291 шақырым. Бұл жұмыстар туристер жиі таңдайтын Қарқаралы, Балқаш көлі және Баянауыл бағыттарын қамтиды.

- Қарқаралы курорттық аймағына дейін республикалық маңызы бар KAZ15 «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз» автожолы өтеді. Қарағанды мен Қарқаралы арасындағы арақашықтық — 200 шақырым. Қазіргі таңда осы жолдың 17–102 шақырым аралығындағы бөлігі жөнделіп жатыр. Жалпы ұзындығы — 85 шақырым. Қалған 115 шақырым жол 2021–2024 жылдар аралығында жаңартылған болатын.

Бұл бағытта 10 жол бойы сервистік нысан (6 кафе, 4 жанармай құю станциясы), 3 демалыс алаңы, 3 суық дәретхана және 1 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс істейді. Биыл қосымша бір санитарлық-гигиеналық торап пен сауда алаңы орнатылады. Электрмен жабдықтау, жарықтандыру және септик жүйесі де қарастырылған. Барлық нысандар ұлттық стандарттарға сай және жылы дәретханалармен жабдықталған, - деп жазды жауапты мекемеден.

Балқаш көлі мен Балқаш және Приозерск қалаларына жету үшін KAZ01 «Астана – Қарағанды (айналма жол) – Алматы» автожолы пайдаланылады. Қарағанды – Балқаш – Сарышаған бағыты бойынша бүгінде 68 жол бойы сервистік нысан (28 кафе, 22 ЖҚС, 16 қонақ үй мен кемпинг, 2 техникалық қызмет көрсету станциясы), 3 демалыс алаңы және 4 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс істеп тұр.

2025 жылы бұл бағытта қосымша 2 сервистік нысан, 21 жаңа демалыс алаңы және 6 санитарлық-гигиеналық торап салу көзделген. Бұл нысандар Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал автожолын қайта жаңарту жобасы аясында іске асырылады. Жоба автокөлікпен саяхаттайтын азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған.

- Павлодар облысындағы Баянауыл курорттық аймағына жету үшін республикалық маңызы бар KAZ20 «Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара» автожолы қолданылады. Бұл жолдың Қарағанды облысы аумағындағы 231–324 шақырым аралығында 2022–2023 жылдары 58,4 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Қалған 34,6 шақырымға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Аталған жол бойында 1 сервистік нысан, 2 демалыс алаңы және 261-шақырымда санитарлық-гигиеналық торабы бар этноаялдама орналасқан. Барлық нысандар жылы дәретханалармен жабдықталған және санитарлық-техникалық қауіпсіздік талаптарына сай келеді, - делінген ақпаратта.

Дерекке қарағанда, туристік нысандарға апаратын жолдардың қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар Қазақстанның сегіз өңірінде жүргізіліп жатыр. 2025 жылы республикалық маңызы бар 544,7 шақырым автожолды жөндеу жоспарланған. Қарағанды облысы жобалардың ауқымы мен көлемі бойынша алдыңғы қатарда тұр.

Жолдарды жөндеу және инфрақұрылымды дамыту — өңірдің туристік тартымдылығын арттыру стратегиясының маңызды бөлігі. Ыңғайлы жолдар, заманауи демалыс аймақтары мен сапалы сервис тұрғындар мен қонақтарға жайлы әрі қауіпсіз саяхаттауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Алматының басты көшелерінің бірінде жаңа веложол салынады.