Қарқаралы ұлттық паркі мен Науырзым қорығына өртке қарсы техника табысталды

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап өртке қарсы жабдықтарды жаңғырту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарламаның мақсаты – орман және табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын толық жаңарту, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін күшейту.

2025 жылы лизингтік қаржыландыру есебінен отандық өндірістегі өрт сөндіру техникасын жеткізу жоспарланған: 354 өрт сөндіру көлігі, 349 кіші орман патрульдік өрт кешені (КОПК), және 322 трактор.

Экология және табиғаи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 136 КОПК және 60 трактор жеткізілген. 

Қарқаралы ұлттық паркіне өртке қарсы техниканы тапсыру рәсіміне ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев қатысты.

– Өртке қарсы техниканы жаңарту – ормандарымыз бен табиғи байлықтарымызды сенімді қорғаудың берік негізі боларына сенімдімін, - деді вице-министр.

2025 жылғы 6 қыркүйекте 8 бірлік техника Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне, тағы 8 техника Науырзым мемлекеттік табиғи қорығына теңгеріміне берілді. Қалған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жыл соңына дейін кезең-кезеңімен қажетті техникамен қамтамасыз етіледі.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігінен

Жаңа өртке қарсы техника орман өртін сөндіруге тікелей қатысатын орман шаруашылығы мамандарының ұсыныстары ескеріле отырып әзірленді. Бұл техника 3 тоннаға дейін су тасымалдай алады, жол талғамайтын, өзін-өзі сөндіру жүйесімен және қозғалыс барысында сөндіру мүмкіндігімен жабдықталған.

Бұған дейін «Қазсушардың» техника паркі 31%-ға жаңартылғанын жазған едік.