Қарқаралы ұлттық паркінің фототұзағына бұлан ілікті

АСТАНА. KAZINFORM — Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің фототұзағы орманның ең ірі тұрғындарының бірі бұланды таспаға түсірді.

Фото: видеодан алынған скрин

Бұланды басқа тұяқтылармен шатастыру қиын. Ұзын аяқтары, ірі денесі мен аталықтарының жалпақ мүйіздері бірден көзге түседі. Салмағы бірнеше жүз келіге жететін бұл жануар орман арасында таңғаларлықтай еркін қозғалады.

Бұлан орманды және су маңындағы аумақтарды мекендейді. Көлемі үлкен болғанымен, көбіне адамнан аулақ жүруге тырысады. Сондықтан табиғи ортадағы тіршілігін фототұзақ кадрларынан көрудің өзі қызық.

Айта кетелік Іле-Алатауында тау ешкісі фототұзаққа іліккен еді.