«Қарқаралы аудандық сотында орталық аудандық аурухананың бұрынғы кассирі Гүлбарам Әбдиноваға қатысты үкім жарияланды. Ол өзіне сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін ірі көлемде иемденгені немесе талан-таражға салғаны, сондай-ақ жалған құжат жасап, бас пайдасына жаратқаны үшін айыпты деп танылды. Оған бас бостандығынан 7 жылға айыру, мүлкін тәркілеу, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеу жазасы тағайындалды және ол 3 жылға дейін мемлекеттік қызметте материалдық-жауапты қызметпен айналысу құқығынан айырылды», - делінген хабарламада.
Дегенмен сотталушының қарауында кәмелетке толмаған балалары бар екендігін ескеріп, сот жазаны 5 жылға кейінге қалдырды.
Сонымен бірге, сотталушыдан мемлекет пайдасына 12,1 млн. теңге сомасындағы келтірілген залал өндіріліп алынды.
Іс материалдарына сәйкес, Г.Әбдинова материалдық жауапты тұлға бола отырып, 2013 жылғы ақпаннан 2014 жылғы шілдеге дейінгі аралықта аурухананың 12,1 млн. теңге сомасындағы ақшалай қаражаттарын иемденіп, талан-таражға салған. Сонымен бірге ол жалған құжаттар жасап, бас пайдасына жаратқан.
«Үкім заңды күшіне енгенге дейін кепіл ретіндегі бұлтартпау шарасы бұрынғыша қалдырылды», - деп қосты облыстық соттың баспасөз қызметі.