Қарқаралыда балабақша бухгалтері ауру баласын емдету үшін 24 млн теңге жымқырған
11:38, 15 Қыркүйек 2023
Қарағанды облысының Қарқаралы қаласындағы «Еркетай» бөбекжай-бақшасының бас бухгалтері өзінің жеке шотына 24 млн теңгеден астам қаражат аударған. Оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бюджет қаражатын ұрлау фактісін экономикалық тергеу департаментінің мамандары анықтады.
Тергеу барысында «Еркетай» бөбекжайы бас бухгалтері 2021 жылдан 2022 жылға дейін екі жыл бойы бюджет қаражатын ұрлағаны әшкере болды.
Балабақшаның бас есепшісі өзінің карточка шотына негізсіз жоғары жалақы мен демалыс төлемдерін аударып отырған.
Осылайша екі жыл ішінде жеке шотына 24 196 411 теңге аударған.
«Жауап алу барысында Д. А. Рустемова бұл қылмысқа аутизмнің ауыр түрімен ауыратын кәмелетке толмаған қызының ауруына байланысты барғанын, баласы туғаннан 1-топтағы мүгедек екенін, ұрланған бюджет қаражатын қызын емдеуге, ұзақ мерзімді емдеуге байланысты жинақталған қарызын өтеуге жұмсағанын түсіндірді. Аталмыш қылмыс Қылмыстық кодексінде ауыр қылмыс санатына жататын және мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланады», - деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі.
Аталмыш іс бойынша сотқа дейінгі тергеу 15 күн ішінде аяқталып, сотқа жіберілді. Бір айдан кейін бас бухгалтерге үкім шықты.
«Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық сотының үкімімен Д.А. Рүстемова кінәлі деп танылып, ҚР ҚК 74 - бабының 1-бөлігінің тәртібімен 6 жылға сотталды. Ол жазасын 5 жылдан кейін орташа қауіпсіз колонияда өтейді», - деп толықтырды экономикалық тергеу департаменті.