Бұған дейін ғарышкерді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков құттықтап, облыс орталығында шара өткізілген. Енді Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Халық батырының мерекесі оның туған өлкесі - Қарқаралыда жалғасуда. Одан әрі олар алғашқы қазақстандық ғарышкердің ата-бабасына зиратына барып, олардың рухына құран бағыштады. Артынша аудандық ипподромда ат спортынан жарыс өтті.
Ғарышкерді авиация мен ғарыш тарихымен байланысты тұлғалар құттықтады: олардың қатарында - сынақшы ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры - Георгий Мосолов, РФ еңбек сіңірген машина жасаушысы Валерий Новиков, ресейлік ғарышкер Валерий Корзун т.б.
Сондай-ақ, құрметті қонақтардың ішінде Т. Әубәкіровпен ғарышқа ұшқан, экипаж мүшелері - КСРО ұшқыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры Александр Волков пен Австрияның тұңғыш ғарышкері Франц Фибек те бар.
Мерейтойға сондай-ақ опера әншісі, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан халық әртісі Бибігүл Төлегенова, қазақ композиторы, әнші, Қазақстан халық әртісі Ескендір Хасанғалиев келді.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен, театрландырылған қойылыммен жалғасты.