Карлос Алькарас екінші жыл қатарынан Уимблдон жеңімпазы атанды

ЛОНДОН. KAZINFORM — Әлемнің 3-ракеткасы, Испания өкілі Карлос Алькарас Уимблдон турнирінің чемпионы атанды.

Фото: instagram.com/wimbledon

Испаниялық теннисші финалда әлемнің 2-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарысының 24 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джоковичпен бас жүлдені сарапқа салды.

Өткен жылы финалда қос теннисші кездесіп, онда Алькарас бес сетке созылған матчта жеңіске жеткен еді.

Осыған дейін «Үлкен дулыға» додаларында үш рет үздік шыққан испаниялық спортшы 21 жаста болса, Новак 37-де еді.

Бұл жолы Карлос Алькарас 6:2, 6:2, 7:6 (7:4) есебімен басым түсті.