ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, кешеден бері өңірде ауа райы нашарлап, қалың қар жауып, дауыл соқты. Осының салдарынан алыс жолға шыққан көлік жүргізушілері біраз қиындыққа тап болған.
«Семей-Курчатов» тасжолының 19-шы шақырымында ВАЗ жолаушылар көлігімен шаруа қожалығына қарай бара жатқан төрт адам қар құрсауында қалды. Құтқарушылар бірден арнайы техникамен оларға көмекке аттанған.
«Үш адам жақын маңдағы елді мекенге эвакуацияланды. Ал медициналық көмекке мұқтаж болған бір азамат жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, департамент мамандары тұрғындарға алыс сапарға шықпауға, жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес береді.