Бұл ақпаратты еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.
Ведомствоның хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында қаңтардың 17-сі күні сағат 18:00-де ауа-райының күрт нашарлауына байланысты облыстық маңызы бар «Өскемен-Самар» жолының 80-143 шақырымында, «Күршім-Қалжыр-Ақбұлақ-Қарой-Аршалы» жолының 0-98 шақырымында барлық автокөлік түрлері үшін, сонымен қатар республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» автожолының Қалбатау, Көкпекті, Базарка ауылдары мен Зайсан қаласы учаскелерінде жолаушылар және дизелді автокөліктер үшін жол қозғалысы жабылған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта ауа-райының нашарлауына байланысты Алматы облысының Алакөл ауданынан ШҚО бағытындағы жолдар да барлық автокөлік түрлері үшін жабық.
Сонымен қатар ведомствоның мәліметтеріне қарағанда, көктайғақтың салдарынан кеше кешкісін Жамбыл облысындағы Күйік және Шақпақ асуларында үлкен жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды.