Соның бірі — Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Қармақшы ауылындағы Абыла жел диірмені. Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштің дөңгелек негізінің диаметрі — 6 метр, биіктігі — 6-7 метр. Ішкі құрылымы — 360 сантиметр. Сырты айнала дөңгеленген 196 сантиметр кеңістіктегі қоймадан тұрады. Қабырғасы қам кірпіштен қаланған, қалыңдығы — 74 сантиметр. Кесек кірпіші — 30×11×8 сантиметр. Айналатын қалақтары солтүстік-шығысқа қарап тұр.
Нысан 1940 жылы Құсейін Мамыров және Әлнұр Тәттібаев есімді ұсталардың басшылығымен салынған.
— Қармақшы өңірінің тарихы көне қалалар мен кесенелерден ғана емес, елдің күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен еңбек мәдениетінен сыр шертетін кейінгі кезеңдегі нысандардан да тұрады. Жел диірмені солардың қатарында. Тарихы жергілікті тұрғындардың тұрмысымен және ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Жергілікті тарихи материалдарда ауыл азаматтарының өз қолымен салынған нысанның ел басына ауыртпалық түскен кезеңде халық игілігіне қызмет еткені айтылады. Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ауыл өмірі үшін астықты өңдеу, ұн өндіру сияқты жұмыстың маңызы ерекше болды. Жел диірмені электр энергиясы кеңінен қолданысқа енбеген кезеңде табиғи қуатты тиімді пайдаланудың үлгісіне айналды, — деді К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің ескерткіш жөніндегі маманы Гүлфайруз Байкөбекова.
Жел күші оны механикалық қозғалысқа келтіріп, астықты ұнтақтауға мүмкіндік береді. Абыла — қазақ даласында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында салынып, бүгінде тарихи ескерткішке айналған бірегей жәдігер.
— Оның құндылығы тек өндірістік мақсатта пайдаланылған ғимарат болуында емес. Бұл нысан бір жағынан Қармақшы ауылының өткен ғасырдағы әлеуметтік-тұрмыстық өмірін, еңбек адамдарының еңбегін және сол кезеңдегі жергілікті шаруашылықтың даму ерекшелігін танытатын тарихи нысан. Сондықтан Абыла жел диірменін Қармақшының ХХ ғасырдағы тарихының бір бөлігі ретінде қарастыруға болады. Осы арқылы жастарға ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, еңбекқорлығы, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануы туралы мағлұмат бере аламыз, — деді өлкетанушы.
Бұған дейін біз Орталық Азиядағы ең ескі әуежай Қызылорда облысы Қармақшы ауданың Жосалы кентінде болғаны туралы мәлімет аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрғанын жазған едік.