Қармақшы ауданында «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» форумы өтті

None
АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» форумы Қызылорда облысында алғашқы болып Қармақшы ауданында өтті. Осыған орай салтанатты шараға ауданның танымал тұлғалары, мемлекеттік орган өкілдері, ҮЕҰ, интеллигенция мен жастар жиналды.

Бұл туралы «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жетістігінің тарихынан сыр шерткендер қатарында «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі Тельман Дямуршаев, белсенді жас, түрлі жастар форумы мен фестивалдерінің қатысушысы Мұхтар Ыбыраев, «Қармақшы таңы» аудандық газетінің қызметкері Гүлжанат Дүзенова, «самбо» күресінен Қазақстан чемпионы, спорт мектебінің директоры Алмат Қодаров және т.б. болды.

«Мен 1940 жылы Грузияда дүниеге келдім, - деп бастады қатысушыларға өз өмірінен сыр шерткен Т. Дямуршаев. - Жасым 4-ке толған кезде отбасымызбен Қазақстандағы Қызылорда облысының Қармақшы ауданына қоныс аудардық... Бүгінгі таңда біз - қазақстандық грузиндер, осы өлкеде бақыттымыз деп мақтанышпен айта аламын. Біздің бәрімен теңдей мүмкіндіктеріміз бар, бізде Қазақстан халқы Ассамблеясы бар. Қазақстандағы осынау институттың үлгісі әлемде мойындалған, ал оның ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясатты жүргізудегі тәжірибесін алыс және жақын шет елдер де қабылдап жатыр».

Мұхтар Ыбыраев Мәскеуде (Ресей) дүниеге келген, Қазақстан егемендігіне қол жеткізген кезде тарихи Отанына оралды. «Біз ата-бабаларымыз күрескен, армандаған тәуелсіздіктің куәгерлеріміз. Енді біздің ұрпақтың кезегі келді. Қазақстанның болашағы - біздің қолымызда! Халық даналығында «Не ексең - соны орасың» дегендей, тек жақсылық пен игіліктің, білім мен отаншылдықтың дәнін себейік...», - деген лебізін білдірді М.Ыбыраев.