Қармақшы ауданында прокуратураның мәжбүрлеуімен 142 жұмысшының айлығы төленді - Қызылорда
14:47, 06 Сәуір 2012
ҚЫЗЫЛОРДА. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Қармақшы ауданы прокуратурасы аудан көлемінде орналасқан мекемелерде жалақының төлену барысы жөнінде жүргізген мониторинг арқасында бірқатар заңнамалардың бұзылу дерегін анықтады.
Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, прокуратура аудандағы «Ораз ахун» ЖШС-да жұмыс атқаратын 142 жұмысшының 2011 жылдың қараша айына 2 766 342 теңге жалақыдан алашақ болғанын анықтады. Осыған орай аталған серіктестік директорының атына ұйғарым енгізілді. Бұған серіктестік басшылығы жұмысшыларға жалақының қаржы жоқтығына байланысты төленбей отырғанын хабарлаған.
Алайда аудандық прокуратура бұл жауаппен келіспей, аудандық сот орындаушыларына жалақыны мәжбүрлеп орындату туралы қаулы жолдады. Осының нәтижесінде қазірге дейін жоғарыдағы 142 жұмысшының айлық жалақылары толығымен төленуіне қол жеткізілді.