Қармақшы ауданының Қызылтам ауылында медициналық бекет қатарға қосылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Қызылтам ауылында медициналық бекет ашылды.

Облыста жүріп жатқан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына - 20 әлеуметтік нысан» акциясы аясында қатарға қосылған бұл нысан үшін облыстық бюджет 10 822 мың теңге қаржы қарастырды. Ал нысан құрылысын жергілікті «Ерғалиев» жеке кәсіпкерлігі сапалы салып шықты.

Жаңа медициналық бекет замануи жабдықтармен жарақтандырылған. Оның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде аудан әкімі Биғали Қаюпов былтыр басталған игілікті істердің алда да жалғасын табатынын айта келіп, осы ауылда енді кең де жарық сынып бөлмелері, компьютер және интерактивті тақталармен жабдықталған әрі жастар бос уақытында спорттық жаттығулармен алаңсыз айналысатын арнайы залы бар жаңа мектеп үйігнің салынғалы тұрғанын мәлімдеді.

Жиында еңбек ардагері Мүтәлі Қонысбаев, аудандық денсаулық сақтау саласы ардагерлер ұйымының төрағасы Иса Бисенов, ауыл тұрғындары Нәзира Әбсаттарова, Айша Бөлекбаева осыншалықты қамқорлық үшін басшыларға алғыс білдірді.