Қармақшы кәсіпкерлері 6 млрд. 19 млн. теңгенің жобаларын игеруді межелеп отыр
ауыл шаруашылығы және туризм салаларын қамтитын 7 жоба ұсынылса, тиісті талқылаулардан соң жалпы құны 6 млрд. 19 млн. теңгені құрайтын 4-еуі қалдырылған.
"БИС" ЖШС әзірлеген көмірсутегі шикізаттары мен жуылған мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт ілкімді жобалар қатарынан орын алды. Осыдан үш жыл бұрын Жосалы кентінде бой көтерген стансының техникалық мүмкіндіктерін арттыруға назар аударылуда. Кент жұртышылығы қажетсіз қалдықтардың экологияға қауіп туғызатындығын талай мәрте сын тезіне алған болатын. Көп көкейіндегісін дөп басқан отандық құрылым шілде айында бензин, керосин және дизель отынына қоса мазутты да шығаруға арналған қондырғыларды іске қосудың соңғы әзірліктерін қайта пысықтау үстінде.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Бақытбек Бекпановтың айтуынша, «БИС» ЖШС-нің басшылары қосымша құрал-жабдықтарды орнату үшін 300 млн. теңге жұмсапты. Қуаттылығы тәулігіне 75 тоннаға жететін жаңа жұмыс орнында 30 маман тұрақты еңбекпен қамтылатын болады.
- Құрылғылар түгелдей дерлік солтүстіктегі көршімізден әкелінді. Сондықтан технологиясы ресейлік. Бірақ құрастыру жұмыстарын өзіміз атқардық,- дейді компанияның жергілікті филиал директоры Мадиқары Досанов өз әңгімесінде.
Жақында өткізілген сынақ сәтті болды. Нәтижесінде, қалдықтарды өңдеу арқылы 62 пайыз мазут, 20 пайыз дизель майы, 10 пайыз керосин, 5 пайыз бензин алынған. Серіктестік еншісіндегі тепловоздар осы өнімдерді пайдаланып жүр. Басшылар өнім сапасына талдау жасап, қорытынды жасайтын арнайы орталықтардан шектеусіз қолдану үшін және еркін сатуға ресми түрде рұқсат алуға әзірленуде. Өнімнің 50 пайызы серіктестіктің пайдаланылуына жұмсалса, қалғаны аймақтағы шаруашылық құрылымдары мен басқа да мекеме және кәсіпорындарға арзан бағамен үлестіріледі. Бұрыннан іскерлік байланыс орнатқан ұжымдар алдын ала тапсырыс жолдауда.
"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық жол құрылысы жобасына қатынасу мақсатымен Алматы қаласында орналасқан "СК РеалСтрой" ЖШС аудан орталығына жақын жерден құны 1 млрд. 250 млн. теңгеге бағаланатын битум зауытын салуға кіріспек. Жолға қажетті шикізат өндіретін бұл отандық өндіріс орнының жергілікті құрылыс нысаны биылғы жылдың күз айында басталып, келесі жазда пайдалануға берілетіндігін білдік. Тәулігіне 500 тонна өнім шығаратын зауытты салуға 125 адам жұмылдырылса, іске қосылған кезде 50 маманды қабылдауға қабілетті.
Көпқырлы кәсіпті әртараптандыруды мақсат еткен жергілікті "АНК - Дәулет" ЖШС темір-бетон шығаруға мүдделі. Бұл жобаның құны 75 млн. теңгеге бағаланып отыр. Оның ширек бөлігін жеке кәсіпкер тапса, қалғаны қаржы институттарының инвестициясы есебінен толығады. Шағын асфальт зауытының құжаттарын да тиісті орындарға ұсынып, қажетті қолдауды күтіп отыр.
Облыстық денешынықтыру, туризм және спорт басқармасы мен "Даймонд Групп" компаниясының бірлескен жобасының жалпы құны 4 млрд. 394 млн. теңгені құрайды. Мегакешен әлемге әйгілі Байқоңыр айлағы мен түркі тілдес халықтардың рухани абызы атанған Қорқыт бабаның мемориалдық ескерткішін тамашалауға алыс-жақын шет елдерден келетін ресми делегация мен саяхатшылар тобына қызмет көрсетуге лайықталады. Қонақүй мен мейрамханалар жүйесіне қоса денешынықтыру, сауықтыру орындарының құрылысы 2013 жылы аяқталуы тиіс. Мүдделі компания өз тараптарынан 150 млн. теңге бөлетіндіктерін мәлімдеп, орналасатын аумағы мен мердігерлерді анықтауға кіріскен.
"Оңтүстік" ӘКК мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жұлдызды қалашықтың жанындағы әскерилерден қалған көкөніс қоймаларын қайта қалпына келтіру арқылы 500 тұрғынды уақытша жұмысқа тартып, 200 маманды тұрақты еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. 2011-2012 жылдар аралығында толық жүзеге асырылатын бұл жобаға 106 млн. теңге бөлінуі қажет.
Құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарына маманданған жергілікті "Стандарт-Жосалы" ЖШС Ақжар ауылының аумағындағы сапалы сазды топырақты пайдалану арқылы шағын кірпіш зауытын тұрғызудың дайындықтарын жасауда. Бұл кірпіштер жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынуы жиілеген аймағымызда үлкен сұранысқа ие болатындығы даусыз.