Қармақшыда жалпы құны 138 млн теңге болатын 28 жоба қаржыландырылды - Қызылорда облысы (ФОТО)

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық Кәсіпкерлер палатасының Қармақшы аудандық филиалында аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың қатысуымен Кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады ҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен.

Қармақшы ауданы - кәсіпкерліктің дамуы жөнінен аймақта кенже қалған аудандардың бірі. Сондықтан да кеңесте кәсіпкерлікті әртараптандыру, жаңа кәсіп түрлерін ашу мәселелері талқыланды. Кездесуде кәсіпті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді, қазіргі экономиканың «ерекше» кезеңінде кездесіп отырған қиындықтар ортаға салынды. Аудан басшысы қармақшылықтардың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жеткілікті екендігін айта келе, қызмет көрсету саласы бойынша кәсіп түрлерін ашуда ұсынды. Айта кету керек, облыстық Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы осы уақытқа дейін 425 азаматқа 605 қызмет көрсеткен. Жалпы құны 138,7 млн.теңге болатын 28 жоба қаржыландырылды. Жобалардың ішінде: қалааралық көлік тасымалы, автокөлік жөндеу орталығы, наубайхана, жарнама агенттігін ашу, шұжық цехын іске қосу, мал басын көбейту, мал бордақылау, жылыжай кешені, жиһаз өнімдерін өндіру т.б. бар.